Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілерінің айыппұлы мен өсімпұлын кешіруге арналған «таза парақ» механизмін іске қосты. Шара кәсіпкерлердің ескі қарызын тазартуға мүмкіндік береді, бірақ негізгі борыш толық төленуі шарт деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Inbusiness-пен сауалдасқан қаржы саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club маманы Раушан Ташоинованың айтуынша, бизнес үшін ең маңызды шарт 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салықтың негізгі сомасын толық өтеу. Өсімпұлдар мен айыппұлдар тек сол шарт орындалған жағдайда ғана кешіріледі.
«Кешірімге 2026 жылдың 1 қаңтарында жеке шотта көрсетілген өсімпұл, сондай-ақ сол күннен бастап негізгі қарыз толық төленгенге дейін есептелген өсімпұл жатады. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары салған әкімшілік айыппұлдар да, негізгі салық міндеттемесі толық өтелсе, кешіріледі», – дейді сарапшы.
Сарапшының сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің жиі кезігетін күрделі мәселесі қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуге уақтылы тұрмау. Егер бизнес ҚҚС бойынша тіркелу шегін білмей, кейін тексеру нәтижесінде қарыз анықталса, мұндай жағдайда негізгі салықты толық төлегеннен кейін, тіркелмеу айыппұлы кешіріледі. Бірақ ҚҚС-тың негізгі сомасы міндетті түрде өтелуі тиіс.
«Іс жүзінде шағын бизнес үшін бұл өте маңызды жағдай. Себебі тексерістен кейінгі негізгі қарызбен бірге айыппұл салынған кезде жүктеме ауырлай түседі. Негізгі соманы төлеп болған соң, айыппұлдың кешірілуі қаржылық салмақты біршама жеңілдетеді», – деді Раушан Ташоинова.
Бұдан бөлек…
Төлем мерзімі бұрын өзгертілген немесе оңалту мен банкроттық рәсімдері шеңберінде белгіленген салық міндеттемелері де толық өтелсе, олардың өсімпұлы мен айыппұлдары да есептен шығарылады. Мұндай төлемдер 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтелуі тиіс.
«Таза парақ» механизмі бизнеске қойылатын қатаң шарттарды да қамтиды. Ең бастысы негізгі қарыз толығымен өтелмесе, ешқандай айыппұл мен өсімпұл есептен шығарылмайды. Сонымен қатар, кешірім шарасы 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін қалыптасқан қарыздарға қолданылмайды. Яғни, өткен кезеңнің айыппұлы ғана кешіріледі, жаңа қарыздар үшін еш жеңілдік жоқ.
Сарапшының айтуынша, шараның тиімділігі қарыздың құрылымына тікелей байланысты.
«Негізгі қарыз аз болып, өсімпұл бірнеше жыл бойы жиналса, кәсіпкерге үлкен жеңілдік болады. Мысалы, негізгі қарыз 3 миллион теңге болса, оған 800 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін өсімпұл жиналуы мүмкін. Толық төленген жағдайда осы өсімпұлдар есептен шығарылады. Ал айыппұл мөлшері шамалы болса, әсері аз», – деп түсіндірді Раушан Ташоинова.
Негізгі қарыз өтелмеген жағдайда не болады?
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 1,7 миллионнан астам микро және шағын бизнес субъектісі бар. Солардың көбі дәл осы жинақталған айыппұлдар мен өсімпұлдар кесірінен тендерлерге қатыса алмай, қаржы ала алмай, ірі компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндіксіз қалып отыр.
Кәсіпкерлердің шоттары әлі де бұғатталып жатуының себебі салық органдарының негізгі қарыз бойынша талаптары. Негізгі қарыз өтелмеген жағдайда, мемлекеттік органдар шоттарды бұғаттап, басқа да шектеу шараларын қолдануға құқылы.
Қаржы маманы кәсіпкерлерге осы механизмді тиімді пайдалану үшін нақты қадамдарды ұсынады:
«Ең алдымен 2026 жылдың 1 қаңтарындағы қарыз құрылымын тексеру керек. Негізгі қарыз бен өсімпұл сомасын бөлек анықтап, негізгі қарызды 2026 жылдың 31 наурызына дейін толық өтеу мүмкіндігін бағалау қажет. Егер төлем мерзімі өзгертілген болса, кешірім тәртібін нақтылап алу маңызды», – дейді сарапшы.
Қорытындылай келе, Раушан Ташоинова «таза парақ» механизмі өткен кезеңдердегі қарызды жабуға арналған құрал екенін және салық төлеу тәртібін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

