Елордада ерекше мазмұндағы көрме өтті. «Таза Қазақстан» акциясының аясында Байқоңыр аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған суреттер жұртшылық назарына ұсынылды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Esil University студенттері қатысып, ондаған жұмыстары қойылды. Көрменің ерекшелігі – экология тақырыбының жаңа қырынан көрсетілуінде. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаның бүгінгі сын-қатерлері мен Қазақстанның болашағы студенттердің көзқарасымен бейнеленіп, жасанды интеллект арқылы көркем тілмен жеткізілді.
Байқауға барлығы 30-ға жуық студент қатысса, соның ішінен 10 үздік жас суретші финалға өтті. Олардың жұмыстары қазылар тарапынан түпнұсқалық идеясына, көркемдік сапасына, «Таза Қазақстан» тақырыбына сәйкестігіне және ЖИ құралдарын қаншалықты тиімді қолданғанына қарай бағаланды. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Байқаудың басты жүлдесін Esil University-дің 2-курс студенті Алиарыстан Қыстауов иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасанды интеллектіні шығармашылықта пайдалану кездейсоқ таңдалмаған. Президент Жолдауында цифрландыру мен ЖИ технологияларын дамытуға ерекше мән берілгені белгілі. Демек, ЖИ-ді тек өндіріс пен бизнесте емес, өнер мен мәдениетте де қолдануға болатынын дәлелдеу – бүгінгі жастардың қолынан келетін игі бастама. Мұндай тәжірибелер технологияны әлеуметтік құндылықтарды жеткізудің жаңа құралына айналдыра алады.
Көрме тек студенттердің суреттерін паш етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге жастардың бойына экологиялық ойлау мәдениетін дарытудың да таптырмас алаңы болды. Табиғатты қорғау – тек экобелсенділердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екенін жастар өз шығармашылығымен көрсетті. Жасанды интеллект олардың ойына қанат бітіріп, бұрынғыдан да әсерлі туындылар жасауға мүмкіндік бергені анық.
Алдағы уақытта көрмені тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Қатысушылардың саны артып, жаңа форматтар енгізілмек. Бұл – жастардың өзін-өзі көрсетуіне, қоғамға тың идея ұсынуына жол ашатын жаңа алаң. Технология мен әлеуметтік ойдың тоғысуынан туған әрбір жоба болашақ Қазақстанның жарқын бейнесін қалыптастыруға қызмет етеді.