Алматы облысында қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамуды қолдауға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Соның аясында 31 шілдеде Іле ауданында «Бүгін тазалық – ертең саулық!» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.
Аталған шараға 150-ден астам адам эковолонтерлер, жастар ұйымдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты. Акция барысында қоғамдық аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жасыл желектер отырғызылды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды ұтымды басқару бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қатысушыларға Іле аудандық мәслихатының депутаты Алмасбек Қожабекұлы Сатыбаев құттықтау сөз арнап, әрбір азаматтың мұндай бастамаларға қатысуы — еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен дені сау болашағына қосқан нақты үлесі екенін атап өтті.
Нәтижесінде Іле ауданында шамамен 3 тонна қоқыс жиналып, 10-нан астам техника жұмылдырылды. Қоғам белсенділері мұндай шараларды тұрақты түрде өткізуге дайын екендіктерін жеткізді.
Бұл акция – облыс көлемінде кеңінен жүзеге асырылып жатқан үлкен экологиялық науқанның бір бөлігі. Биылғы жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс бойынша 242,5 мың адам мен 8 836 кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Бірлескен күш-жігер нәтижесінде 7,1 мың тонна қоқыс жиналып, 76 702 түп ағаш және 14 мың килограмм әртүрлі ағаш тұқымының дәндері отырғызылды. Сонымен қатар, 2 749 техника жұмылдырылып, 429 мектепте 11,2 мың түп ағаш егілді.
Тазалау жұмыстары барысында 3 048 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары, 55 саябақ пен сквер, 906 тарихи-мәдени ескерткіш және 1 055 әлеуметтік нысан тазартылды.
Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тазалықты сақтау мақсатында арнайы медиажоспар бекітілді. 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 22 мыңнан астам материал жарияланған. Сонымен қатар, экологиялық мәселелерді қабылдауға арналған Telegram-боттың жұмысы туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 200-ден астам мақала интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, жергілікті меншік иелері бірлестіктерінің чаттарында, мекемелер мен ұйымдардың жұмыс чаттарында, «Жетісу» арнасында және облыстық баспасөз беттерінде жарияланды. Облыс аумағында 43 тақырыптық баннер орнатылды.
«Таза Қазақстан» — бұл жай ғана тазалық шарасы емес, бұл мемлекет, бизнес және қоғам күшін біріктіретін, таза болашақ үшін бағытталған кең ауқымды қозғалысқа айналды.