Иранда Израильдің барлау қызметі «Моссадтың» екі агенті ұсталды. Олардан 23 ұшқышсыз ұшу аппараты мен ұшыру құрылғысы тәркіленген. Бұл туралы Mehr ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Ertenmedia.kz хабарлайды.
Иран полициясының өкілі Саид Монтазер әл-Махдидің мәлімдеуінше, Израильдің «Моссад» қызметіне жұмыс істеген екі агент Иран астанасы маңындағы Рей округінде ұсталған.
«Құқық қорғау органдары екі бөлек операция аясында Рей ауданында «Моссадтың» екі агентін қолға түсірді. Олардың жанынан 200 килограмнан астам жарылғыш зат, 23 ұшқышсыз ұшу құрылғысы, бір ұшыру құрылғысы және басқару жабдықтары табылып, тәркіленді», – деген оның сөзін агенттік келтіреді.
Бұған дейін Иранда тағы екі «Моссад» агенті ұсталған болатын. Агенттік дерегінше, олар бомба мен жарылғыш заттарды дайындаумен айналысқан. Сондай-ақ, ирандық ақпарат құралдары Израильдің ұшқышсыз ұшу аппараттарын тасымалдаған көліктердің де ұсталғанын хабарлаған.
Бұған дейінгі мәліметтерге сәйкес, Израильдің барлау қызметі «Моссад» Иран аумағына әуе шабуылдарын ұйымдастыру операциясын мұқият жоспарлаған. Бұл ретте, олар Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін залалсыздандыруға ерекше назар аударған.