Ресей Қазақстан нарығындағы импорттаушы елдердің көшін қайта бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша Ресейден жеткізілген тауарлардың үлесі 29,4 пайызға жетіп, Қытайды екінші орынға ысырған. Германия үздік үштікті 4,6 пайызбен түйіндеп тұр.
Қазақстанның негізгі экспорттық серіктестерінде өзгеріс жоқ: көш басында Италия (21%), одан кейін Қытай (18,7%) мен Ресей (10,5%).
Жалпы алғанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы сегіз айлық тауар айналымы былтырғыдан 5,7 пайызға азайып, 17 млрд доллар шамасында тұрақтаған. Ресейге жөнелтілген қазақстандық тауар экспорты 15,4 пайызға құлдырап, 5,2 млрд долларға жуықтаған.
Ресейден жеткізілген импорт та былтырғы көрсеткіштен 0,6 пайызға кемігенімен, шамамен 11,8 млрд долларды құрап отыр.
Дегенмен Қазақстан бірқатар ресейлік тауар түрлерін сатып алуды көбейткен. Энергетика өнімдерінің импорты 13 пайызға артып, 1,25 млрд доллар болса, химия өнеркәсібінен әкелінген тауар көлемі 2 млрд доллардан асты.
Әсіресе текстиль өнімдерінің импорты 47 пайызға (602,9 млн доллар), аяқ киім мен галантерея тауарларын жеткізу 45 пайызға (71,3 млн доллар) өскен. Керісінше, құрылыс материалдарын сатып алу шамамен 10 пайызға кеміген (186,6 млн доллар).
Жалпы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы биыл 2,1 пайызға қысқарып, 90,25 млрд долларды құрады. Экспорт былтырғыға қарағанда 5,7 пайызға азайғанымен, импорттың үлесі керісінше 2,8 пайызға өсіп отыр.