Қайраткер Бекболат Тілеухан вице-президент қызметіне тағайындалған Ерлан Қаринді құттықтап, жаңа лауазымның салмағына тоқталды. Ол Қариннің Президент сеніміне ие болуын саяси шеберлігімен, ұлттық құндылыққа жақындығымен және адамдық болмысымен байланыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тілеухан вице-президент қызметін елдегі екінші тұлғаға берілген аса биік лауазым әрі «ат көтере алмас ауыр жүк» деп сипаттады. Оның сөзінше, халықаралық саясатта мол тәжірибе жинаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың сеніміне ие болу екінің бірінің қолынан келмейді.
«Танымы айқын, дәстүрлі ортадан шыққан текті азаматтың елдегі екінші тұлға саналатын аса биік лауазымның атан тартпас ауыр жүгін арқалауы үлкен сенімнің айғағы. Талайды көрген, әлемдік деңгейдегі сарабдал жетекшінің көңілінен шығу екінің бірінің қолынан келмейді», – деп жазды ол.
Бекболат Тілеухан Ерлан Қаринді мемлекеттік саясаттың идеологиялық мағынасын қалыптастырып, оны үйлестіре білген әрі қоғамға жеткізген тұлға ретінде бағалады. Соның арқасында түрлі бастама біртұтас президенттік бағыт аясында жүзеге асқанын атап өтті.
Ол кейінгі жылдары Қариннің билікке бағытталған сынның елеулі бөлігін өз мойнына алғанына да назар аударды.
«Дүниенің дидары бұзылған осындай кезеңде Қариннің сын мен соққының бәрін саналы түрде өз мойнына ала отырып, ешкіммен ашық текетіреске бармауы саяси шеберлігінің айғағы дер едім. Және жігіттік адамгершілігі де!» – деді Тілеухан.
Ұлттық мұраға жақындығын атап өтті
Бекболат Тілеухан Ерлан Қаринмен бұрыннан пікірлес екенін айтып, екеуін тарихи сана мен ұлттық мәдениетке қатысты ортақ мұрат жақындастырғанын жеткізді.
Оның сөзінше, Қарин жыраулар мұрасы мен ұлттық спортты сырттай қолдаумен шектелмей, аталған салалардың қыр-сырын меңгеруге ұмтылған. Әсіресе дәстүрлі садақ атуды дамытуға тікелей араласуын нәтижеге бастайтын әрекет деп бағалады.
«Білмегенін сұрауды ар көретін тоңмойындықтан ада, қарапайым да елгезек азаматтың іс басына келгенін қазақ руханиятына жасалған сыйдай көрдік», – деп жазды ол.
Тілеухан жаңа қызметте көптің көңілінен бірдей шығу мүмкін емес екенін Абай өлеңімен жеткізді:
«Әуелде қиын нәрсе елге жақпақ,
Көңілін бай-кедейдің бірдей таппақ.
Қақ жарып қара қылды іс қылсаң да,
Кетеді біреу мақтап, біреу даттап».
Жазба соңында ол Қаринге сабыр, денсаулық пен абырой тіледі. Тарихшы ретіндегі білімі мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі елдің келешегіне қызмет етсін деген батасын білдірді.
«Мамандығың тарихшы ғой, Ереке! Ұлы да әділ төреші – Тарих мырзаның үддесінен шығатындай іс қылғайсың. Жаратқан жар болғай!» – деді Бекболат Тілеухан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







