Ішкі істер министрлігі ел азаматтарын жиі алдап соғатын алаяқтық схемалардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазіргі кезде алаяқтар негізінен әлеуметтік инженерия әдістерін, телефон нөмірлерін ауыстыру мен жалған сайттарды кеңінен пайдаланады. Министрліктің мәліметінше, қазақстандықтарды жиі алдайтын алаяқтық схемалар төмендегідей:
Телефон және интернет арқылы алдау
Алаяқтар өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды «күдікті операциялар жасалды» деген сылтаумен жеке деректерін алуға көндіреді. Нәтижесінде жәбірленушілер банк карталарының мәліметтерін немесе СМС-кодтарды беріп, тіпті ақшаны өз қолымен аударып жіберіп жатады.
Фишинг хабарламалар
Тұрғындарға жеткізу қызметтері, коммуналдық мекемелер, басқарушы компаниялар немесе банктер атынан жалған SMS және электронды хабарламалар жіберіледі. Ондағы сілтемеге өткен адамның жеке мәліметтері мен қаржылық ақпараттары ұрланады.
Мессенджердегі алаяқтық
WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде басшылардың, әріптестердің немесе туыстардың атынан жалған аккаунттар жасалады. Олар әдетте «шұғыл жағдай» деген сылтаумен ақша аударуды немесе банк реквизиттерін беруді сұрайды.
Жалған инвестициялар және қаржы пирамидалары
Криптовалютаға, бағалы қағаздарға немесе онлайн жобаларға қаржы салу арқылы тез пайда табуды уәде етіп, азаматтарды алдайды. Қаржы аударылған соң «инвесторлар» байланысқа шықпайды.
Онлайн саудадағы алаяқтық
Желіде алдын ала төлем алып, жоқ тауарларды немесе жалған қызметтерді, автокөлік немесе пәтер жалдау қызметтерін ұсыну кең тараған. Ақша аударылған соң сатушы байланысқа шығуды тоқтатады.
Жеке мәліметтерді заңсыз пайдалану
Алаяқтар басқа адамдардың жеке куәлігі мен ЖСН деректерін заңсыз пайдаланып, олардың атынан несие немесе микрозайм рәсімдейді.
«Полиция банк пен мемлекеттік мекеме қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректер мен растау кодтарын сұрамайтынын ескертеді. Егер күдік туындаса, сөйлесуді дереу тоқтатып, ресми мекемеге тікелей хабарласқан жөн», – деп ескертті ІІМ өкілдері.

