«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бірқатар кадрлық өзгерістер жасалды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне Дияр Нүсіпқожанов тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia «Самұрық-Қазына» қорына сілтеме жасап.
Жаңа басшылар қатарында бұған дейін онлайн-жиналыста қызметкерлеріне эмоциямен сөйлеп, әлеуметтік желіде кеңінен танылған Асан Үмбетов те бар. Ол «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Сонымен қатар «Қазтеміртранс» АҚ басқарма төрағасы лауазымына Александр Ширяев келді. Ал Владимир Петров «ҚТЖ» ҰК АҚ «Тасымалдау процесі дирекциясының» директоры болып бекітілсе, Сәкен Рахметов «Магистральдық желі дирекциясының» басқарушы директоры қызметіне тағайындалды. «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарушы болып Марат Шәкенов бекітілді.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, тағайындалған тұлғалардың барлығы теміржол саласында көп жылдық еңбек өтілі бар, елдің көлік-логистикалық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан тәжірибелі мамандар.
«Жаңа басшылардың салаға терең бойлаған кәсіби білімі, стратегиялық ойлауы мен нәтижеге деген жауапкершілігі компания алдында тұрған маңызды міндеттерді атқаруда үлкен рөл атқарады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, биыл шілде айында әлеуметтік желіде Асан Үмбетовтің онлайн-жиналыста қызметкерлеріне бейәдеп сөздермен дауыс көтерген видеосы тараған еді.
Оның эмоцияға берілуіне машинистің қателігінен бірнеше шақырым бойы рельстен шығып кеткен вагондардың сүйретіліп жүруі себеп болған.
Осы оқиғадан соң Үмбетов көпшіліктің қолдауына ие болып, теміржолшылар арасында абыройы арта түскен еді. Кейін кәсіби мереке кезінде әріптестері оны қошеметпен қарсы алған.
Журналистерге берген пікірінде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев басшылардың қызметкерлеріне дөрекі сөйлеуге құқығы жоқ екенін айтқанымен, бұл оқиғада контекстің маңызы зор екенін атап өткен болатын.

