Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялардан түсетін салық түсімі күрт артты. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған ресми дерекке сүйенсек, Temu, Valve және Apple сынды алпауыттар елімізде қосылған құн салығын (ҚҚС) ең көп төлейтін интернет-платформалар қатарында, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстанда 2022 жылдан бері шетелдік интернет-платформалар үшін шартты тіркеу арқылы ҚҚС төлеу жүйесі енгізілген болатын. Бүгінде бұл талапқа 116 компания бағынған.
Тек 2025 жылдың өзінде 18 жаңа ірі интернет-ойыншылар тіркеліпті. Олардың қатарында әлемге әйгілі Chess.com, Canva, OpenAI (ChatGPT иесі), және ресейлік Okko бар. Бұл платформалар Қазақстан азаматтарына онлайн қызмет көрсетіп, миллиардтаған теңгелік транзакция жүргізіп отыр. Енді олардың әрбір саудасынан бюджетке нақты түсім түсе бастады.
2025 жылдың ішінде ғана Қазақстан қазынасына шетелдік платформалардан түскен ҚҚС көлемі 41,8 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 млрд теңгеге артық.
Демек, цифрлы сервистер нарығы өсіп қана қоймай, сонымен бірге елдің экономикалық әлеуетін нақты арттырып отыр. Үштік көшбасшы Temu – 6,2 млрд, Valve – 5,3 млрд, Apple – 5,2 млрд теңге төлеген. Мұндай көрсеткіштер олардың Қазақстандағы клиенттік базасының ауқымын, ал біздің салық органдарының цифрлы бақылау мүмкіндіктерінің күшейгенін білдіреді.
Сондай-ақ, Alibaba.com, Next Retail Ltd. сынды ірі сауда алаңдары да алғаш рет Қазақстан бюджетіне қомақты салық төлей бастады. Бұл – салықтық әділеттілік қағидатының нақты көрінісі. Бүгінгі цифрлы әлемде қызметің шекарадан тыс болса да, табысың тұрған елде салыққа айналуы тиіс. Қазақстан осы бағытта маңызды қадам жасап отыр.
2026 жылдан бастап Қаржы министрлігі жаңа тетік енгізбек. Егер шетелдік интернет-компания ҚҚС төлеуден жалтарса немесе тіркелмесе, оның платформасы Қазақстан аумағында бұғатталады. Яғни, бизнес ашық болсын, бірақ заңнан аттамасын деген ескерту. Мұндай шешім отандық нарықты қорғауға ғана емес, халықаралық салық тәртібін нығайтуға да бағытталған.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның цифрлы кеңістіктегі экономикалық дербестігі артып келеді. Бұл тек Temu мен Apple-дің төлемі емес, ел болашағына салынған салықтық инвестиция.

