Ұлттық банк теңгенің құлдырауын тежеу үшін нарыққа 125,6 млн доллар қаржы құйды. Бұл туралы реттеуші органның валюта нарығы жөніндегі ақпараттық есебінде айтылған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ресми дерекке сүйенсек, шілде айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 4 пайызға төмендеп, бір доллар 540,72 теңгеге дейін өскен.
Ай бойы KASE қор биржасындағы валюта саудасының жалпы көлемі 5,7 млрд долларды құраған. Бұған қоса, өткен айда Ұлттық қордан нарыққа 700 млн доллар бөлінген. Қаражат бюджет тапшылығын жабуға және Талдықорған–Үшарал газ құбырының құрылысын қаржыландыруға жұмсалған.
Тамыз айында Ұлттық қордан қосымша тағы 400–500 млн доллар көлемінде валюта сату көзделіп отыр. Сонымен қатар, «айырбас операциясы» шеңберінде тағы 290 млрд теңге сомасында шетел валютасы нарыққа шығарылады.
Ұлттық банк нарықта алыпсатарлық әрекеттер күшейген кезде, 30 шілде күні шұғыл түрде валюта интервенциясын жүргізіп, нарыққа 125,6 млн доллар құйғанын мәлімдеді.
«Бұл шара нарықтағы алыпсатарлықты басып, валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасады», – деп атап өтті Ұлттық банк өкілдері.
Бұдан бөлек, Ұлттық банк шілде айында БЖЗҚ қажеттілігі үшін 35 млн доллар сатып алған. Тамызда мұндай операция жоспарланбаған. Себебі қазіргі бағам бойынша зейнетақы қорының валюта активтері жоспардағы 40 пайыздық межеден асып тұр.
Ұлттық банк валюта интервенциясы туралы мәлімдегеннен кейін доллар бағамы аздап төмендеп, бір доллар 540,72 теңге деңгейінде тұрақтады.