Қазақтардың банктердегі депозиті жыл басынан бері 2,1 трлн теңгеге артып, 26,6 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депозит нарығының өсіміне ұлттық валютадағы салымдар басты үлес қосып отыр. Теңгелік депозиттер көлемі 10 ай ішінде 2,2 трлн теңгеге көбейген. Ал шетел валютасындағы салымдар керісінше азайып келеді. Доллармен сақталған депозиттердің үлесі қараша айының басында 22,5 пайызға дейін төмендеген.
Қазақстанның депозитке кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) сарапшыларының айтуынша, теңгедегі депозиттердің тартымды болуы Ұлттық банктің базалық ставканы екі рет көтеруімен байланысты.
2025 жылы базалық мөлшерлеме наурызда 16,5 пайызға, ал қазанда 18 пайызға дейін өскен еді. Мұның артынан банктер депозиттер бойынша пайыздық ставканы айтарлықтай көтеріп жіберді.
Жылына 20 пайыз?
Қазір көптеген банктегі депозиттік мөлшерлеме инфляция деңгейінен жоғары. Кейбір банктер тіпті жылына 20 пайызға дейін табыс ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде халыққа жинаған қаржысын құнсызданудан қорғап қана қоймай, нақты табыс көруге де мүмкіндік беруде.
2025 жылы қазақтардың мерзімді және жинақ депозиттеріне қызығушылығы күрт өскен. Мәселен, 10 ай ішінде жинақ депозиттерінің көлемі шамамен 1,5 есеге (+46,8 пайызға) көбейген. Ал мерзімді салымдар көлемі тіпті 7,5 есеге артқан.
Мұндай депозит түрлері жоғары пайыз ұсынуымен қатар, қаржыны қысқа мерзімде шешіп алуға мүмкіндік береді. Егер жылдың басында тек 4 банк мерзімді салымдар ұсынса, қазір мұндай қызметті көрсететін қаржы ұйымдарының саны 7-ге жеткен.
Мәселе тек ставкіде емес
Банктер арасындағы бәсеке тек депозиттік ставкімен ғана шіктеліп отырған жоқ. Қаржы ұйымдары клиент тарту үшін жаңа әрі ыңғайлы сервис мен түрлі қаржылық өнімдер ұсынуда. Нәтижесінде, көпшілік ақшасын бірнеше банкте бөліп ұстауды жөн санайды.
2025 жылдың 10 айында жеке тұлғалардың банк шоттарының саны 30,2 пайызға өсіп, 220,3 миллионға жетті. Былтыр осы кезеңде әлгі көрсеткіш небәрі 11,5 пайызға ғана ұлғайған еді.
ҚДКБҚ сарапшыларының айтуынша, жинақтарды бірнеше банк арасында бөлу кепілдік көлемін де арттырады. Ұлттық банк дерегінше, депозитке қаржы сақтайтын қазақтардың үлесі былтырғы 62 пайыздан биыл 68,1 пайызға дейін өскен.
Бұған дейін танымал банкир Тимур Турлов ақшаны қай валютада сақтау тиімді екенін айтқан болатын.
Доллармен ойнамай, депозитпен ұту: Тимур Турлов теңгені таңдауға шақырды

