Қазақстандағы Теңіз кенішінде бой көтеретін жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы италиялық Tecnimont және Consolidated Contractors International Company (CCIC) дейтін таяушығыстық компаниялардың бірлескен консорциумына сеніп тапсырылды деп жазады Erteńmedia.
Upstream Online басылымының мәліметінше, келісімшарт құны екі миллиард доллардан асады. Газды сепарациялайтын кешенде ілеспе газ өңделіп, одан полиэтилен өндіруге қажетті этан мен пропан алынады.
KMG PetroChem компаниясының дерегінше, газ өңдеу зауыты жылына 9,1 млрд текше метр газ өңдеп, одан 1,6 млн тонна этан және 360 мың тонна пропан шығармақ.
Ал этан мен пропанды сатудан түсетін табыс арқылы жоба 17 жылда өзін ақтайды деген болжам бар.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталып, зауыт 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Газ өңдеу кешені Атыраудағы полиэтилен зауытын жыл сайын 400 мың тонна шикізатпен қамтамасыз етеді.
Айта кетерлігі, Теңіз кенішіндегі өндірістік қуатты кеңейту арқылы америкалық Chevron компаниясы мұнай өндіру көлемін арттырып, осы саладағы еуропалық бәсекелестерін басып озған.