Қазақстандық блогерлер мен контент авторлары YouTube, TikTok, Facebook сияқты шетелдік ірі интернет-платформалардан алатын табысы туралы мәлімет енді еліміздің салық органдарына беріліп отырады.
Бұл деректерді Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардың табыс декларациясымен салыстырып, кірістерін тексеру үшін пайдаланады деп жазады Ertenmedia.
Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде интернет арқылы сауда-саттық жасайтын Alibaba, Pinduoduo сияқты шетелдік компаниялар Қазақстанда тіркеліп, салық төлеп отыр.
Ал блогерлерге тікелей табыс түсіретін платформалар азаматтардың табысы туралы ақпаратты салық органдарына тапсыруға міндеттеледі.
«Бұл компаниялар Қазақстан азаматтарының өз платформаларынан алатын табысы туралы деректерді бізге беріп отырады. Біз осы мәліметті табыс декларациясымен салыстыру үшін пайдаланамыз. Жалпы табыс алған әрбір азамат декларацияны өзі тапсыруы тиіс. Егер ол табысты көрсетпесе, біз платформа берген деректер негізінде ескерту жолдап, табысын декларациялау және салық төлеу қажеттігін хабарлаймыз», – деді министр.
Министрдің сөзінше, ақпараттық алыс-беріс тек сұрау арқылы ғана емес, тұрақты негізде халықаралық келісімдер аясында жүзеге асады.
Мемлекеттік кірістер комитеті экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ОЭСР) әріптестік орнатып, BEPS бастамасы шеңберінде салықтық ақпарат алмасу механизмдерін пайдаланатын болады.