Депутат Қазыбек Иса Ата заңның тың үлгісіне көңілі толатынын айтып, жаңа жобаның кеңес дәуірінің иісі кетпеген ескі құжаттан мүлде бөлек екенін мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, жаңа Конституцияда «ұлы дала», «байырғы қазақ жері», «құрылтай» сияқты тарихи ұғымдар қайта тірілген. Су жаңа Ата заң жат тілде емес, жатық тілде жазылған, ұлы даланың мыңжылдық тарихынан тамыр тартып тұр.
«Жаңа мәтінде адам құқығы мен бостандығы алдыңғы қатарға шықты. Тәуелсіздікті қорғау, ұлттық бірлікті бекемдеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау, отаншылдық идеяны нығайту секілді маңызды ұстаным айқын көрсетілді. Қазақта мемлекет болмаған дейтіндерге жауап ретінде құрылтай ұғымының қайта жандануы Алтын Орданың айбарын еске салды», – деді депутат.
Жаңа жобадағы ерекше бап
Сонымен қатар ол жаңа Конституцияда ұлттық заңдардың халықаралық келісім-шарттан жоғары тұрғанына тоқталды. Пікірінше, әлгіндей бап құқықтық егемендік пен ұлттық мүддені қорғаудың нақты механизмі.
Депутат осы норманы қолдану арқылы президент Тоқаевтың «осыдан 30 жыл бұрынғы халықаралық шарттарды қайта қарау керек» деген бастамасын іске асыру қажет екенін айтты.
«Ескі билікке зор, ал халыққа қор болған мұнай келісімінде кеткен есені қайтаратын кез келді. Ұлттық заңның халықаралық келісім-шарттан жоғары тұруы сырт көздің бізге деген құрметін арттырады», – деді Қазыбек Иса.
Тіл мәселесі ше?
Тіл мәселесіне қатысты депутаттың пікірі өткір шықты. Айтуынша, парламентте мемлекеттік тіл үшін өзінен артық күрескен ешкім жоқ.
«Мемлекеттік тіл жайлы заң қабылдау туралы сауал жасағанымда, бір ауыз қолдау білдірмеген, керісінше қазақ тіліне қарсы шыққандар аяқ астынан тіл жанашыры кейпіне еніп алды. Парламентте қазір 90 пайыз қазақша сөйлейміз, Құдайға шүкір. Басқа этнос өкілдері де бізбен жарысып мемлекеттік тілде сөйлеп отыр», – дейді депутат.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабы заңмен бекітілген. Бұл талап елімізге сырттан ешкімнің емін-еркін кіруіне жол бермейді. Мемлекеттік қызметке тұру үшін де мемлекеттік тілді білу міндеттелген. Мәжілісмен әлі де болса, тіл заңнамасын жетілдіру қажет деп отыр. Бірақ, бір гәп бар…
«Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай, тіл мәселесі ішкі саясат шеңберінен шығып, геосаяси факторға айналды. Өкінішке қарай, тілге қатысты кез келген батыл шешім сыртқы күштер үшін ақпараттық және саяси манипуляция құралы болып кетуі мүмкін. Біз оларға арандатуға түрткі болатын аргумент дайындап береміз. Сондықтан тіл мәселесіне байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек. Тіл мәселесі тұрақтылықты сақтайтын механизм екенін ұмытпайық», – дейді депутат.
Қазыбек Иса сөзін қорыта келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты көтеру арқылы ғана ұлтты ұйыстыруға болатынын тағы бір мәрте еске салды.
«Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, оны сақтап қалу да сондай қиын. Ұлттық тіліміз ұлтымыздың бірлігі мен мемлекеттілігіміздің негізгі тірегіне айналуы қажет», – деп түйіндеді депутат.
Айта кетелік, бұған дейін мемкеңесші Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің мәртебесі шайқалмасын айтып, қазақтілді қауымға кепілдік берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

