21 қазан күні Қазақстан үкіметі ірі қалаларды түгел қамтитын ұлттық Wi-Fi операторы іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ауқымды жобаны Freedom холдингіне қарасты Freedom Telecom жүзеге асыруда. Компанияның мәліметінше, интернет желісі әлеуметтік маңызы зор нысандарда шекара бекетінде, әуежайда, теміржол мен автобус вокзалында, білім ордаларында және медициналық мекемелерде іске қосылады.
Жобаға қатысты Forbes Kazakhstan басылымына пікір білдірген Freedom Telecom бас директоры Қайрат Ахметов бірінші кезең аяқталуға таяу екенін айтты.
Қазіргі уақытта Freedom Wi-Fi желісі Астана, Алматы, Тараз, Қонаев, Өскемен, Жетіген (Алатау), Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау мен Түркістан сынды қалалардағы 400-ден астам нүктеде қолжетімді.
«Қамту аумағы қолданушылардың сұранысына қарай кеңейе береді. Алдымызға биік мақсат қойдық. 2026 жылы Wi-Fi желісін 10 мың нүктеге дейін арттырсақ, 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 мыңнан асырамыз», – деді ол.
Қызметтің қолданушыларға тегін берілу мәселесіне тоқталған Ахметов бұл ретте белгілі бір шарттардың барын жасырмады:
«Wi-Fi тегін, себебі интернет бүгінгі заманда әр адамның негізгі қажеттілігі. Сондықтан біз бұл мүмкіндікті әрбір қазақстандыққа ұсынамыз. Алайда тегін интернет тек базалық жылдамдықпен шектеледі. Егер сіз Freedom экожүйесінің қызметтерін пайдалансаңыз, мысалы, Arbuz арқылы сатып алу жасасаңыз немесе Freedom Bank-тің клиенті болсаңыз, интернеттің жылдамдығы әлдеқайда жоғарылайды. Айта кетейін, әлеуметтік және мемлекеттік нысандар – ауруханалар мен әкімдіктерге бұл қызмет тегін қосылады», – деп нақтылады компания басшысы.
Ахметовтің айтуынша, Freedom Wi-Fi желісі Freedom-ның экожүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Сондықтан жаңа өнімдер мен жобалар Freedom SuperApp қосымшасы негізінде дамиды.
«Авторизацияның ең ыңғайлы тәсілі Freedom қосымшасы арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар Wi-Fi желісіне шағын және орта бизнесті қосу жоспарда тұр. Қазір бизнеске интернет желісін жеткізіп қана қою жеткіліксіз. Оларға жасанды интеллект негізінде Enterprise деңгейіндегі озық B2B-шешімдер қажет. Біз бұл шешімдерді Wi-Fi технологиясының жаңа буыны Wi-Fi 7 арқылы ұсынатын боламыз», – деді ол.
Freedom Telecom Freedom Holding Corp. құрамындағы компания. Холдинг акциясының 70 пайызы Тимур Турловқа тиесілі. Турлов 2025 жылғы Қазақстанның ең дәулетті 75 бизнесменінің арасында екінші, ал ең ықпалды 50 бизнесменінің арасында төртінші орында тұр. Бизнесмен телеком саласына 2023 жылдың жазынан бастап белсенді кіріскен.
Freedom Telecom нарықтағы үлесін компанияларды сатып алу арқылы кеңейтуде. 2024 жылдың қаңтарында шымкенттік DITel-ді 1,1 млн долларға, қыркүйекте телекоммуникациялық инфрақұрылым салатын SilkNetCom компаниясын 23,88 млн долларға, қазан айында елордалық EliteCom ЖШС-н 3 млн долларға, ал 2025 жылдың сәуірінде спутниктік байланыс операторы Astel-ді 11,46 млрд теңгеге сатып алған.