Қазақстанның банк нарығында тағы бір үлкен мәміле болуы мүмкін бе? Бұл сауалға белгілі кәсіпкер, Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында жауап берді деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазір нақты ұсыныстар жоқ. Бірақ банк нарығы – тірі организм. Мұнда бәрі сатылады, бәрі сатып алынады. Сондықтан жақсы мүмкіндік пайда болып жатса, оны жібермеуге тырысамыз. Бұл жерде біз бір жағынан оппортуниспіз. Дегенмен, банктерді біріктіру – оңай шаруа емес, әсіресе цифрлық банк үшін үлкен сынақ», – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, екі банктің қосылуы кез келген команда үшін өте күрделі әрі ауыр процесс. Әсіресе IT-жүйелер үшін мұндай интеграциялар айтарлықтай стресс пен жүктеме туғызады. Турлов бұл мәселені ерекше атап өтіп, мұндай қадамдардың компанияның дамуын жеделдетіп қана қоймай, керісінше, баяулатуы да мүмкін екенін ескертті.
«Банк сатып алу – тек қаржы мен мүмкіндік қана емес, үлкен жауапкершілік. Сондықтан мұндай шешімді қабылдамас бұрын бірнеше мәрте ойланып, жан-жақты таразылау қажет», – дейді ол.
Telegram желісіндегі танымал «Бычий звоночек» арнасының дерегінше, Freedom Bank бұрын да еліміздің банк нарығына қызығушылық танытқан екен. Әр жылдары банк ресейлік Альфа Банктің еншілес мекемесіне (қазір оны БЦК сатып алды) және Еуразиялық банкке назар аударған. Алайда соңғысы сатылымға шығарылмағандықтан, мәміле іске аспаған көрінеді.
Тимур Турлов нақты жоспарларды әзірше айтудан бас тартқанымен, нарықтағы жағдайдың өзгеруіне қарай Freedom Bank Қазақстанда тағы бір үлкен банктік мәмілеге баруы әбден мүмкін екендігін жоққа шығармады.