Соғысқа қарсылық білдіріп, Ресейден Қазақстанға қашқан 16 жастағы оқушы Тимур Турков елден шығарылмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Уральская неделя» басылымының мәліметінше жасөспірім Путин басқыншылығын қолдамайтынын айтып, Қазақстаннан баспана сұраған. Алайда жергілікті сот Тимурды Ресейге депортациялау және Қазақстанға 5 жыл бойы кіруге тыйым салу туралы шешім қабылдапты. Қазір ол Орал қаласындағы қиын жағдайға түскен балалар орталығында.
Тимурдың туған жері Ресейдің Мурманск облысындағы Летки ауылы. Анасы өмірден өткен, әкесі отбасын тастап кеткен, қамқоршысы ата-әжесі ғана. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, күзде Қазақстанға қашқан.
Оның сөзінше, Ресейдегі пропаганда пен соғысқа үгіттеу науқаны күшейгендіктен, 18 жасқа толғанда майданға аттану қаупінен қорыққан.
Шекараны 12 қыркүйек күні түнде жаяу кесіп өткен ол, шамамен 17 шақырым жол жүрген. Әбден шаршап-шалдыққан және ас-судан тарыққан жасөспірім жол-жөнекей есінен танып қалғанын айтады. Қазақстан шекарашылары оны «Махамбет» заставасына жеткізген.
ФСБ өкілдерінің қисынсыз сұрағы
Сол жерде оған Ресей консулдығының өкілі мен психолог келген, кейін ФСБ өкілдері жауап алған.
Тимурдан шекараны «байқамай өтіп кеттім» деп мойындауын талап еткен. Бірақ ол өтірік айтудан бас тартыпты. ФСБ қызметкерлері оған «біреу жәрдемдесті ме?», «қандай тамақ ұнатасың?» деген оғаш сұрақтар қойған.
Тимурдың айтуынша Қазақстанға Путин пропагандасынан шаршағандықтан және майданға аттану қаупінен құтылу үшін қашқан. Жасөспірімнің ауылында қаза тапқан басқыншыларды жерлеу кезінде оқушыларды құрмет қарауылы ретінде қою дәстүрге айналыпты. Ауылдағы 12 тұрғын табытпен оралған, тағы бесеуі іс-түссіз кеткен. Соғыс тақырыбы күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналған. Ауыл тұрғындарының Кремль көсеміне табынып, Мәскеуден тараған барлық ақпартты қорытпай қабылдай беретіні Тимурдың қанын қайнатқан.
Айтуынша, соғыстың кесірінен орыстардың мінез-құлқы бұзылып, қоғамда агрессия өршіп тұр.
Жасөспірім біздегі мамыражай өмірді бірден ұнатып, саяси баспаған сұраған екен. Алайда сот оның талабына құлақ аспай, кері қайтару туралы үкім шығарыпты. Тимурдың Ресейде абақтыға қамалып, әрі қарай майданға аттануы ғажап емес.

