Тимур Құлыбаевтың банкі табысын еселеп, рекорд жаңартты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Halyk Bank-тің биылғы тоғыз айдағы таза пайдасы 809,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 26,8%-ға өскен.
Банктің бұл көрсеткішке жетуіне несие беру көлемінің ұлғаюы, клиенттерден алынатын комиссиялық кірістің артуы және сақтандыру қызметінен түсетін табыстың өсуі себеп болған.
Дегенмен, банк өкілдерінің айтуынша, кірістің өсуіне кейбір факторлар кері әсер еткен. Биыл мемлекет банк саласының жекелеген операцияларына «аса жоғары пайда салығын» енгізген, сондай-ақ Ұлттық банк резервтеуге қажетті ақшаның көлемін ұлғайтқан. Осы факторларды есептемегенде, таза пайданың нақты өсімі шамамен 20%-ды құрайды.
Сақтандыру бизнесінен түскен табыс та екі есе өсіп, 51 миллиард теңгеге жеткен.
Қазіргі уақытта Halyk Bank-тің несие қоржыны 13 триллион теңгеден асқан. Жыл басынан бері бөлшек несие 9%-ға, корпоративтік несие көлемі 7,8%-ға артқан. Бірақ проблемалық қарыздар көлемі де өсіп, 6,9%-ды құрады. Мұның себебі қарыздарды коллекторларға сатуға уақытша тыйым салынған.
Жалпы банк активтері 20,4 триллион теңгені құрады, клиенттердің депозиттік салымдары 14,1 триллионға жеткен. Оның ішінде теңгемен салынған депозиттердің үлесі 71%-ға өсті.
Банктің негізгі акционері Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «Алмэкс» холдингі. Ерлі-зайыптылар Halyk Bank-тің 69,48% акциясына иелік етеді. Forbes Kazakhstan дерегінше, Құлыбаевтар әулеті Қазақстандағы ең ауқатты 75 кәсіпкердің ішінде төртінші орында тұр. 2025 жылғы мамырдағы есеп бойынша олардың байлығы 5,3 млрд доллар болған. Айта кетейік, бұған дейін Halyk Bank өз акционерлеріне рекордтық көлемде дивиденд төлеген еді.
Әзір Мәжілісте банк атауындағы «Халық» деген сөзді алып тастау туралы ұсыныс көтеріліп, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Түзетудің негізгі авторы депутат Марат Бәшімов. Оның айтуынша, «халық» сөзі Ата заңда биліктің қайнар көзімен тікелей байланысты ұғым.
Мұны жеке меншік банктер мен олигархиялық құрылымдар коммерциялық мақсатта пайдаланған кезде, қоғамда «жалған қоғамдық миссия» туралы қате түсінік қалыптасып, елдің қаржы жүйесіне деген сенімге селкеу түседі.
«Конституциядағы «халық» сөзі қасиетті ұғым, ол биліктің қайнар көзі. Осындай салмақты ұғымды коммерциялық құрылымдар жарнама ретінде пайдаланып отыр. Бұл тұтынушыларды шатастырады және әділ бәсеке ережесін бұзады», – дейді Бәшімов.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Құлыбаевқа қарсы крест жорығы: Депутаттар Halyk Bank атауына неге өшікті

