Астанада Tinder желісінде өзін қыз ретінде таныстырып, ер адамнан миллиондаған теңге жымқырған жігіт сотталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
20 жастағы жігіт Tinder-де «Нұрай» деген қыздың атынан тіркеліп, Telegram-да жалған аккаунт ашқан. Артынша бейтаныс қыздың фотосуреттерін пайдаланып, ер адаммен танысып, хат жазыса бастаған.
Осылайша үш ай ішінде түрлі себептермен одан төрт миллион теңгеден астам қаражат алған. Әңгіме барысында ол жігітпен кездесуге уәде беріп отырған.
«Ақшаны аударған адам басында ештеңеден күдіктенбеген. Кейін алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арызданды», – деп хабарлады Бас прокуратура өкілдері.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге ақшаны қайтарып берген. Осы жағдайларды ескерген сот оны үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, пробациялық бақылау белгіледі.
Бұған дейін Қаржы мониториң агенттігі онлайн-казиноны жарнамалаған ондаған блогерді анықтаған еді. Төбе басында атышулы Қайсар Қамза мен трансгендер Найыл Тұрганов (Niko Nett) тұрған тізімді толық жариялаған едік. 600 мыңнан аса жазылушысы бар блогер-музыкант Ринат Шамшырақ та казино бизнесінің амбассадоры болып шыққан. Агенттік мұндай жарнама құмар ойындардың дамуына жол ашып, оның ішінде жасөспірімдерді де ойынға тәуелді етеді деп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

