«Отбасы банк» 4 желтоқсаннан бастап зейнетақы жинағы есебінен офтальмологиялық қызметке төлем жасау үшін өтінім қабылдауды тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Банк шешімді Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес қабылдаған. Бұған дейін тіс емдеу қызметіне де осындай шектеу қойылған еді.
Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған мерзімге дейін түскен өтінімдер әдеттегі тәртіппен қаралады.
Қазіргі уақытта офтальмология бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрайтын 15 808 өтінім қаралу үстінде.
Қыркүйек айында стоматология қызметтерін зейнетақы есебінен төлеуге тыйым салынған соң көз емдеу қызметіне сұраныс күрт артқан. Қыркүйекке дейін офтальмологиялық қызмет бойынша айына шамамен 170 өтініш мақұлданса, кейін осы көрсеткіш бірден 1264-ке жеткен.
«Отбасы банкі» қызметкерлері кейбір күмәнді жағдайларды анықтаған.
Мысалы, түрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасасқанымен, әртүрлі мекенжайды көрсеткен. Алайда тексеру барысында ол мекенжайлардан мұндай клиника табылмаған.
Сонымен қатар банк өкілдері зейнетақы қаражатын басқа да медициналық қызметтерге пайдалануға болатынын еске салды.
Олардың арасында сирек кездесетін орфандық аурулар, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидтік және радиойодтық терапия, радиохирургиялық емдеу және протон терапиясы бар.
Бірнеше ай бұрын Қаржы мониториң агенттігі стоматологиялық қызмет түрінде көрсетілген жалған операциялар арқылы БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңге шығарылғанын мәлімдеген еді. Атыраудан шыққан алаяқтар зейнетақы қорынан жүздеген миллиард теңгені жымқырған. Қылмыстық топтар ойлап тапқан айла таңдай қақтырады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, алаяқтар БЖЗҚ салымшыларына «емделу үшін» ақшаларын шығарып беруді ұйымдастырған. Ол үшін қағаз жүзінде Атырау, Астана, Алматы, Ақтау секілді қалаларда отыздан аса стоматологиялық емхана ашқан.
Бірақ клиникалардың не ғимараты, не құрал-жабдығы, тіпті дәрігерлері де болмаған. Ұйымдастырушылардың өзінде де медициналық білім атымен жоқ. Олар салымшылардың ақшасын шығарып беру үшін жалған құжаттар жасаған. Қызметі үшін зейнетақыдан шешкен соманың 10-20 пайызын сыйақы ретінде алып отырған. Қылмыстық схеманы іске асыруға 226 адам қатысып, «қолбаланың» рөлін атқарған
Зейнетақы қорына қойылған пломба. 200 миллиардты жеген «тіс дәрігерлері» кімдер

