Елімізде медициналық қызмет бағасы өсіп барады. Energyprom сарапшыларының есебінше, бір жылдың ішінде қарапайым дәрігер қабылдауының өзі 22 пайызға қымбаттаған деп жазады Ertenmedia.
Жыл басынан бері ақылы медицинаның бағасы жалпы алғанда 16,1 пайызға көтерілген. Әсіресе зертханалық сараптама мен медициналық тексерулер бағасы (21,5 пайыз) және алғашқы дәрігерлік қабылдау (19,5 пайыз) құны күрт артқан.
Бұдан бөлек, мамандар кеңесі 8,6 пайызға, ал стоматологиялық қызмет 12 пайызға қымбаттаған.
Дегенмен, дәрігер қабылдауы мен анализдердің бағасы көтерілгенімен, медициналық мекемелердің халық пен компаниялардан түсетін табысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында 1,5 пайызға төмендеген. Сарапшылар мұны ауруханалар табысының бірден 39,4 пайызға қысқаруымен түсіндіреді.
Табыстың төмендеуіне мемлекет пен МӘМС қорының медициналық шығындарды өз мойнына алуы да ықпал етті. Соның арқасында перзентхана, әйелдер кеңесі мен хирургиялық бөлім қызметі үшін тұрғындар бұрынғыдан аз төлейтін болған.
Ал мемлекет бағаны бақыламайтын жеке клиникалар қызмет құнын көтеруді жалғастырып отыр. Нәтижесінде жекеменшік стоматологиялардың табысы 48,9 пайызға, басқа ақылы медицина қызметінен түскен пайда 26,1 пайызға өскен.
Дегенмен, бұл өзгерістер қарапайым тұрғындардың қалтасына жеңілдік әкелмеген секілді. Қазақстандықтар, керісінше, медицина қызметіне бұрынғыдан көп қаржы жұмсай бастаған.
Биыл бірінші тоқсанда әр отбасының ақылы медицинаға жұмсаған шығыны өткен жылмен салыстырғанда 28,3 пайызға артты. Орта есеппен жан басына шаққандағы шығын тоқсанына 4,6 мың теңгеге жеткен (былтыр 3,6 мың теңге болған).
Медициналық қызметке жұмсалатын шығын елдің әр өңірінде әрқилы. Мәселен, Шымкент тұрғындары тоқсанына небәрі 1,3 мың теңге жұмсаса, Астана (8,9 мың теңге) мен Қарағанды облысында (9,8 мың теңге) бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары.
Ең қымбат қызмет түрі стоматология. Бір жылда тіс емдеу бағасы 26,1 пайызға өскен. Ал ақылы ауруханаларда ем алу тіпті бір жарым есеге (54,1 пайыз) қымбаттаған.