Қостанайда Челябі университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасында осы филиалдың қызметі туралы келісімді ратификациялады. Құжатқа 2024 жылдың 27 қарашасында Астанада қол қойылған еді.
Келісімнің негізгі мақсаты Қостанайда ашылатын оқу орнының құқықтық негізін бекітіп, екі ел арасындағы жоғары білім саласындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамыту.
Жаңа университет филиалында сабақ қазақ, орыс және өзге де тілдерде жүргізіледі.
Оқу бағдарламалары Қазақстанның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен Ресейдің федералдық мемлекеттік талаптарына сай әзірленеді.
Сонымен қатар, құжатта филиалдың қызметі екі мемлекеттің заңнамасына сәйкес міндетті лицензияланатыны және аккредиттелетіні көрсетілген. Білім сапасын бақылау мен талапкерлерді қабылдау тәртібі де Қазақстан мен Ресей заңдарына сәйкес жүргізіледі.
Оқу орнының қаржыландырылуы екі тараптың заңнамасымен рұқсат етілген өз қаражаты мен өзге де қаржы көздері есебінен іске асырылады.