Шерзат Болаттың туыстарының адвокаты Саида Тәуекелова Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасы жөнінде тың деректерді айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Оның сөзінше, Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Шерзат ісі бойынша Нұрқанатпен тергеу амалдарына күнделікті жауап алу кезінде бірге қатыстық. Ауыр психологиялық жағдайын байқамаған едік. Ол жауап алу сәттерінің бәрін батыл түрде өткерді. Оқиға орнына барғанда да. Сәрсенбіде сотқа баруымыз керек еді. Сотта біз “жала жабу”, БАҚ-та “жалған ақпарат тарату” бойынша арыз түсіргенбіз. Сол бойынша сот басталуы керек еді. Дайындалған едік. Кеше де байланысты болдық. Материалдық қиындықтарға, ет дүкеніндегі жұмыстарына қарамастан, олардың осы істі қозғағанына қуанған едім. Кейде оларға көмектесуге де тырыстық. Отбасында кіріс болсын дедік. Олар ешкімнен ештеңе сұрамады. Бұл жаңалық бәрінің төбесімізге жай түскендей болды», – дейді адвокат Саида Тәуекелова қаза шыққан үйдің алдында журналистерге.
Адвокаттың айтуынша, Шерзат ісі бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын.
«Біз сотқа дайындалып жатыр едік. Ол басты куәгер әрі жәбірленушінің бірі еді. Себебі оған да сол кезде үш рет пышақ салынған. Бүгінгі жаңалық — отбасына да, бізге де үлкен трагедия. Оқиғалар желісін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қазір тергеу амалдарына баруымыз керек», – деді адвокат.
Еске салайық, бүгін Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылғанын хабарлады.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын да мәлімдеді.
«Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кетке. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жарияланбайды», — деп жазылған хабарламада.