Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Кеңесарық ауылында жаңа спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Қарапайым ауыл жастарының арманы болған бұл нысан бүгінде шынайы қуаныш пен сенімнің символына айналды. Ашылу салтанатына генерал-жазушы Ержан Исақұлов, қоғам және мемлекет қайраткері Болат Жылқышиев, сондай-ақ «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Болат Жылқышиев салтанатты шарада: «Бұл кешен – болашақ чемпиондардың шыңдалатын ордасы. Бүгінгі бала – ертең ел намысын қорғайтын азамат. Мемлекетіміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлем ареналарында шырқататын батырлар дәл осы залдан шығады деп сенеміз», – деді. Бұл сөз ауыл жастарына жігер беріп, спорттың тек денсаулық емес, рухтың да мектебі екенін еске салды.
Құны 160 миллион теңгені құрайтын нысан толықтай жеке демеушінің қаржысына салынған. Бизнес өкілдерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымының айқын дәлелі. Кешеннің құрылысына мемлекеттен бір теңге де жұмсалмағанымен, оның әлеуметтік әсері кез келген мемлекеттік жобадан кем емес. Заманауи үлгіде жабдықталған залда күрес, бокс, волейбол, гимнастика және өзге де спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар.
Соңғы жылдары ауданда спорт саласы жүйелі түрде дамып келеді. Қазірдің өзінде 51 мыңнан астам тұрғын тұрақты түрде спортпен айналысып, бұл аудан халқының 42 пайызын құрайды. 225 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бұл – ауылдық жердің әлеуеті зор екенін көрсететін көрсеткіш.