Азаматтық қорғау жүйесінде кездейсоқ адамдар болмайды — мұнда адам өмірін құтқару мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді абыройлы іс деп білетін жандар қызмет етеді. Соның жарқын мысалы — Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, ағайынды егіздер Елдос пен Елжас Халеловтар. Бұл мамандықты олар бірлесе таңдап, жүрек қалауымен келген.
1998 жылғы 26 сәуірде Бейнеу ауданында дүниеге келген Елдос пен Елжас 2020 жылы Азаматтық қорғау академиясын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдады. Сол кезден бастап екеуі де төтенше жағдайлар жүйесінде әртүрлі бағыттарда қызмет етуде.
Елдос Халелов — Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы. Оның күнделікті жұмысы — төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою шараларын үйлестіру, оқу-жаттығуларға қатысу және халықтың қауіпсіздігін бақылау. Ол ең күрделі сәттерде жүйенің бірқалыпты жұмыс істеуіне жауап береді.
Ал Елжас Халелов цифрландыру, ақпараттандыру және байланыс бөлімінде еңбек етеді. Ол — ақпараттық жүйелер, байланыс құралдары мен цифрлық платформалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін маман. Оның қызметінсіз шұғыл әрекет ету де, нақты талдау жасау да мүмкін емес, ал бұл төтенше жағдайларда шешім қабылдаудың негізі.
Міндеттері әртүрлі болғанымен, олардың жұмысы — біртұтас жүйенің қос қанаты іспеттес. Бірі алғы шепте әрекет етсе, екіншісі сенімді тылмен қамтамасыз етеді. Бұл — дәстүрлі қызмет пен заманауи технологияның тиімді үйлесім табуының көрінісі.
«Менің жұмысым тұрақты байланыс пен нақты ақпаратқа негізделеді. Техникалық жағынан бауырымның қолдауы әрдайым сезіледі», — дейді Елдос.
«Елдоста — өрт болса, менде — жүйеде «от» тұтанады», — деп Елжас бауырының сөзін жалғасады.
Халеловтар бауырлардың оқиғасы — жас мамандар үшін шабыт көзі. Бұл тек мамандық жайлы емес, адалдық, командалық жұмыс пен отбасылық қолдаудың арқасында ТЖ қызметінің қаншалықты сенімді бола алатынын дәлелдейтін шынайы оқиға.