Бектенов үкіметі Алатау қаласына арнайы мәртебе беріп, оны жедел экономикалық өсім мен инновацияға бағытталған ерекше аумаққа айналдыруды жоспарлап отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Мәжілісте премьердің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Айтуынша, арнайы конституциялық заң әзірленіп, қалаға жеке қаржылық модель, басқару органы және құқықтық режим белгіленеді.
Алатауда арнайы экономикалық ереже іске қосылып, инвесторларға салық жеңілдігі, лицензиялаудың жеңілдетілген түрлері және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынылады. «Арнайы құқықтық статус артықшылық емес, дамуға қажетті нақты құрал», – деп атап өтті вице-премьер.
Қала дамуын Alatau City Authority деп аталатын жаңа басқарушы орган стратегиялық тұрғыда бақылайды. Шешім Үкімет басшысының жетекшілігімен құрылған арнайы кеңесте қабылданады, ал әкімдік пен мәслихат әлеуметтік және коммуналдық мәселеге жауапты болып қала береді.
Инвесторлардың құқығын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Олардың инвестициялық келісімдері халықаралық арбитраж және «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы қорғалады. Салықтық жеңілдіктер тек тиімділігі жоғары, экологиялық және инновациялық жобаларға беріледі.
Жобаның технологиялық тұсы да ерекше
Алатау «Digital by default» қағидаты бойынша цифрлық басқарумен қамтылып, жасанды интеллект, жүргізушісіз көлік құралдары және цифрлық активтерді дамытуға басымдық беріледі.
«Алатауда криптобиржалар мен токенизацияны реттеуге мүмкіндік қарастырылып отыр», – деді вице-премьер.
Үкімет дерегіне сәйкес, қазірдің өзінде жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 ірі жоба әзірленген. Олар шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаларға ірі халықаралық компаниялар мен технологиялық стартаптар қатысуы мүмкін.
Базарбек не дейді?
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бастаманы қолдап, оны елорданың алғашқы кезеңдерімен салыстырды.
«Алатаудың өз мәртебесі, ерекше ережесі болады. Кезінде Астанаға да көп сұрақ қойылған еді. Бірақ бүгінде сол жобаның нәтижесін көріп отырмыз», – деді депутат. Базарбек алдағы 20–30 жылда Алатау цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген жаңа мегаполиске айналады деген пікірде.
Экономист Расұл Рысмамбетовтің пікірінше, Қонаевтың іргесінде жаңадан салынып жатқан Алатау қаласы президент Тоқаевтың төл өнімі. Назарбаевтың кезінде Астананың қабырға қаланса, Тоқаевтың тұсында Алматы облысында заманауи, ықшам әрі бизнес-класс қала бой көтермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







