Қазақстанның астық керуені Оңтүстік Кавказға жол тартты. Әзербайжан санкцияларды алып, дәлізін ашқаннан кейін қараша айында Арменияға алғашқы мың тонна қазақ бидайы жеткізілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл экономикалық келісім ғана емес, аймақтағы жағдайдың жақсарып келе жатқанының белгісі. Кавказдағы соңғы жылдардағы шиеленіске қарамастан, осы астық тасымалы жаңа сенім мен өзара тиімді қатынас орнатуға сеп болды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Арменияға астықпен бірге басқа да сапалы өнімдерді тұрақты жеткізуге дайын екенін айтты. Ол үшін екі ел арасында жүк тасымалы жүйесін реттеп, тікелей әуе рейстерін ашу қажет.
Сауда тек келісіммен шектелмейді, нақты инфрақұрылымды талап етеді. Тараптар осы бағытта жұмыс істеуге келісті.
Астық – кез келген тауар емес, елдің сенімі мен әлеуетінің көрсеткіші. Бір мың тонна астықтың Арменияға жеткізілуі – Қазақстанның Кавказда салмақты қадам жасай бастағанының дәлелі.
Ендігі міндет – осы бағытты тұрақты логистикалық дәлізге айналдыру. Диалог дипломатиядан басталып, нәтижесі жүк тиеген вагоннан көрінсе игі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







