Қазақстандық банк арқылы сырттан келген 7 триллион теңгенің құпиясы талай күн бойы күн тәртібінен түспей тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Бұған дейін президент Тоқаев 2025 жылы бір ғана қазақстандық банк арқылы көрші мемлекеттен үшінші елдерге 7 трлн теңге аударылғанын мәлімдеген еді. Іле-шала Ұлттық банк пен Қаржы мониториң агенттігі трансшекаралық операцияларды тексеруге кіріскен-тін.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, қазіргі геосаяси ахуал тұсында Қазақстанның ұстанымы барынша сақ әрі салмақты болуы тиіс.
«Жұрт алдындағы сарапшылардың жауапкершілігі мемлекет тағдырымен өлшенбейді, олар кез келген ойды еркін айта алады. Бірақ Қазақстан жаһандық тұрақсыздықтан барынша аз зардап шегу үшін өте нәзік әрі шебер ойын жүргізуге мәжбүр. Сондықтан өз басым нақты бағамды жеткізсем де, шетін тұстарды айналып өтемін», – деді саясаттанушы.
Оның сөзінше, президент Тоқаев Қазақстанның ешбір тараптың сөзін сөйлемейтінін, ешбір жанжалға жақтаспайтынын, халықаралық міндеттемеге адал екенін, санкцияларды айналып өтпейтінін бірнеше рет ашық мәлімдеген. Мұны елдің сыртқы серіктестері де жақсы біледі.
Дегенмен…
Әбішев ішкі қауіп-қатерлерге де назар аударып отыр. Оның айтуынша, банк секторында тез арада ірі табысқа кенелгісі келетін ойыншылар ұлттық мүддені ысырып, үлкен қаржы схемаларына араласудан тартынбайды.
«Банктер бизнесті қаржыландыруға келгенде базалық мөлшерлеменің жоғарылығын алға тартып, кежегесі кері кетіп тұрады.
Ал табысы қомақты трансшекаралық операцияларға келгенде белсенділік танытып, миллиардтарды ары-бері оңай аудара береді.
Ел экономикасы мен сыртқы саясатына мұндай әрекеттердің қандай салдары боларын ешкім елемейді», – деп қынжылады Әбішев.
Оның пікірінше, реттеуші органдар мен ірі бизнестің осындай сын-қатерлерді бағалай алмауы президентті тікелей араласуға мәжбүр етеді. Әсіресе ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің сыртқы беделіне қауіп төнген сәтте мемлекет басшысы мәселені қолмен реттеуге көшеді.
«Қазақстан халықаралық шиеленістерге араласуға қарсы. Президент Тоқаев тек дипломатиялық жолмен мәселені шешуді жақтайды. Ресми Астана халықаралық міндеттемелерді бұлжытпай орындайды, санкциялық шектеуден де аттап кетпейді. Бірақ жекелеген банктердің немқұрайды әрекеті бүкіл елге ауыр зардап әкелуі мүмкін», – деп қорытты сарапшы.
Айта кетелік, бұған дейін біз Қазақстан экономикасының украин дрондарының кесірінен қанша доллардан қағылғанын егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

