Қазақстанда банк жүйесіне қатысты жаңа заң қабылданып, ислам банкингі мен цифрлық қаржы нарығына ерекше назар аударылды.
Заңда лицензия беру ережелері, салымшыларды қорғау, банк жүйесіне қадағалау мен реттеу механизмдері толығымен өзгертілген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жарты жыл бойы парламент қабырғасында қызу талқыланған құжатқа 140-тан аса өзгеріс енгізілді. Жаңа заң бойынша банктерді лицензиялау тәртібі екіге бөлінеді: базалық және әмбебап. Базалық лицензияны шағын қаржы ұйымдары алып, оларға қойылатын талап жеңілдейді.
Бірақ мұндай банктер шетелдік азаматтар мен компанияларға несие бере алмайды. Осы деңгейден жоғары көтерілгісі келген ұйымдар міндетті түрде әмбебап лицензия алуға тиіс.
Реформаның маңызды бөлігі ретінде ислам банкингі ерекше бөлінді. Енді әмбебап лицензиясы бар қарапайым банктер шариғат қағидаларына сай «ислам терезелерін» ашып, бөлек бағыт ретінде жұмыс істей алады. Сонымен қатар шетелдік ислам банктерінің Қазақстандағы филиалдарына инвестициялық қызметпен айналысуға рұқсат берілді.
Цифрлық активтер мен технологиялар саласы да заңмен реттеледі. Жаңа құжатта цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітілген. Сондай-ақ финтех жобаларына қаржы салуға заңды негіз жасалды.
Клиенттерді қорғауға ерекше екпін
Банк клиенттерінің құқығын қорғау мақсатында қаржы омбудсменінің біртұтас кеңсесі құрылады. Кеңсе клиенттерді жасырын комиссиялардан және банк шарттарының біржақты өзгертілуінен қорғайтын болады. Сонымен қатар банк қызметтеріндегі ашықтық стандарттары енгізілмек.
Құжатта проблемалық банктерді сауықтыру шаралары да қарастырылған. Бұдан былай мемлекет тарапынан тек жүйелік маңызы бар қаржы ұйымдарына ғана қолдау көрсетіледі. Осы үшін арнайы қор құрылып, оған нарықтағы барлық банктер қаржы аударып отыруға міндеттеледі.
Заң жобасын талқылау барысында экономистер несиенің қолжетімділігі төмендеп кетуі мүмкін деген қауіп айтқан еді. Реттеу талаптарының күшеюі жеке тұлғаларға берілетін несие көлемін азайтуы ықтимал. Кеше президент Тоқаевтың қабылдауында болған Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы дәл осындай баяндама жасаған еді.
Айтуынша, тұтынушылық несие беру көлемі екі есе қысқартылып, тәуекелі жоғары қарыздарды рәсімдеуге шектеу қойылған
Еліміздегі ірі банктер заңдағы кейбір бастамаларға сақтықпен қарап отыр. Әсіресе, жүйелік банктерді құтқаруға арналған арнайы қорға қатысты пікірлер қақ жарылған жайы бар. Халық банкінің төрайымы Үміт Шаяхметова әлгі бастамаға толықтай қарсы.
«Нарықта депозитті жоғары пайызбен жинап, агрессивті несие беріп жатқан бірнеше банк бар. Олардың тәуекелін бақылау біздің міндет емес», — дейді ол.
Сондай-ақ тауарларды бөліп төлеу арқылы сатуда екі баға белгілеу мәселесі де қызу талқыланған еді. Енді сатушы тауардың толық төлем жасағандағы және бөліп төлеуге сатып алғандағы бағасын анық әрі ашық көрсетуге міндетті. Мұндай талап интернет-дүкендерге де қатысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

