Қазақстанда әлеуметтік салаға бөлінген қыруар қаржыны жымқырған алаяқтардың әрекеті әшкереленді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев Қаржы мониториң агенттігінде өткен жиында әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңгені қалтасына басқандарды қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттің ақтауға жатпайтынын ашық айтып, мәселені тамырымен жоюды тапсырды.
«Ел қаржысын жеке мүддесіне бұрып, әлеуметтік саланың ақшасын талан-таражға салған алаяқтарға еш аяушылық болмайды. Бұған жол беруге болмайды.
Криптовалюта арқылы капиталды сыртқа шығаруға ұмтылатындар әлі де бар. Осындай заңсыздықтардың жолына нық тосқауыл қойылуы қажет.
Көлеңкелі экономика мемлекеттің дамуын тежеп, халықтың несібесіне қол сұғып отыр. Мұнымен күрес бүгінгі күннің басты әрі ымырасыз талабы», – деді Президент.
Тоқаев қаржы мониториң қызметіне мемлекет ақшасының әр теңгесі халықтың игілігіне ғана жұмсалуын қатаң қадағалауды міндеттеді. Айта кетелік, Мемлекет басшысы дәл осы жиында бизнестің мәселесін көтеріп, кәсіпкерлерге ара түскен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

