Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты реттеу бойынша ұсынған бейбіт жоспарын қолдайды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Желдібайдың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандырудың бірегей мүмкіндігі деп бағалаған.
«Қазақстан бұл ұсынысты өңірде бейбітшілік орнатып, мемлекетаралық сенімді нығайтудың нақты қадамы және аймақтың тұрақты әрі әділетті дамуының маңызды шарты ретінде қарастырады», – деді президенттің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, 29 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы жанжалды реттеудің 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарын ұсынды. Құжат атысты тез арада тоқтатып, келісім жасалғаннан кейін 72 сағат ішінде барлық тұтқындарды босатуды көздейді.
Жоспардың басты шарттары – Газа секторын халықаралық бақылаумен демилитаризациялау, «Бейбітшілік кеңесінің» қадағалауымен уақытша технократиялық әкімшілік құру және ауқымды гуманитарлық бағдарламаларды жүзеге асыру. Сонымен қатар қаруын тапсырған содырларға рақымшылық жасау және арнайы экономикалық аймақ құру ұсынылған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ, Египет және Иорданияның қатысуымен Халықаралық тұрақтандыру күштерін (ISF) орналастыру жоспарланған. Олар Палестина полициясын даярлап, шекараны бақылауға алмақ. Израиль аймақта тұрақтылық орнаған соң әскерін шығарып, тек шектеулі қауіпсіздік аумағын сақтап қалады.
Сонымен қатар конфессияаралық диалогты бастау және Палестина мемлекетін құрудың жол картасын әзірлеу мәселесі қамтылған.
Жоспарды таныстырғаннан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында Трамп бұл ұсынысты израильдік тарап қолдағанын айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, ХАМАС ұйымының келісім беретінінен үміт бар.
Әлем елдері ұсынысты қызу талқылап, белсенді қолдау білдіріп жатыр. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер ХАМАС-ты қаруын тапсырып, келісімді қабылдауға шақырды. Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Трамп жоспарын «тарихи бетбұрыс» деп бағаласа, Франция президенті Эмманюэль Макрон Израильді батыл қадам жасауға үндеп, ХАМАС-тан тұтқындарды дереу босатуды талап етті.
Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған да Трамптың бастамасын қолдап, дипломатиялық үдеріске белсенді араласуға дайын екенін білдірді. Бұған қоса, Сауд Арабиясы, Иордания, БАӘ, Индонезия, Пәкістан, Түркия, Катар және Египет сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, АҚШ-тың бұл бастамасын қолдап, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға күш салуға дайын екендерін жеткізді.