Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаев патриарх Кириллдің Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті. Оның айтуынша, патриархтың съезге қатысуы форум жұмысының табысты өтуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас достық пен одақтастықтың жарқын үлгісі. Сіздің сапарыңыз біздің рухани және мәдени байланыстарымызды одан әрі нығайтуға бағытталған», – деді Президент.
Өз кезегінде патриарх Кирилл жылы қабылдауға алғыс білдіріп, Қазақстанды Ресеймен тарихи, достық қарым-қатынасы терең ел ретінде жоғары бағалады. Ол Ресей православ шіркеуінің басты мақсаты – бейбітшілік пен татулықты сақтау екенін ерекше атап өтті.
Президент съезд барысында қазіргі әлемдегі қауіпті үрдістерге тоқталды. Оның айтуынша, кейбір елдердегі ультраұлтшылдық пен патриотизмнің араласуы, консерваторлар мен либералдардың текетіресі тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.
«Жаһандық державаларда болып жатқан соңғы оқиғаларға қарасақ, бұл үрдіс бір қарағанда дәл солай болып көрінуі мүмкін. Бірақ билік жүргізіп отырған күштердің саяси әрекеттері мен ұстанымдарын ескермеуге болмайды. Мемлекеттік құрылыс саясаты мен оның концепциясы әрдайым бейбітшілік пен өзара сыйластыққа бағытталған сындарлы сипатқа ие бола бермейді», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанда дінаралық және этносаралық келісімді сақтау басым міндет екенін қайталады. Президент мемлекеттік қызмет пен қоғамдық орындарда тілдерді қолдануды шектеуге бағытталған кез келген әрекеттердің заң жүзінде тоқтатылатынын қадап айтты.

		