БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленскийдің жүздесуі ерекше мәнге ие кездесу болды. Әлем назарын аударып отырған соғыс жағдайында екі ел басшыларының әңгімесі ең өзекті тақырыптарды талқылауға бағытталған нақты саяси қадам.
Әңгіме барысында экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері сөз болғанымен, негізгі назар Украинадағы күрделі жағдайға ауды. Зеленский өз елінің ұстанымын жеткізіп, қауіп-қатерді айқын көрсетті. Ал Тоқаев тарапынан айтылған ойлар Қазақстанның дәстүрлі бейбітшіл сыртқы саясатына сай болды. Қазақстан Президенті қақтығысты тоқтатып, дипломатиялық жолдарды күшейту тілге тиек етті.
Бұл кездесу халықаралық қауымдастық үшін де маңызды белгі болды. Себебі Қазақстан ешқашан аймақтағы шиеленістерге бей-жай қараған емес, керісінше, келісім мен келіссөздің маңызын бірінші орынға қояды. Бұл Қазақстанның «дипломатиялық көпір» ретіндегі рөлін тағы да айқындай түсті.
Зеленскийдің жағдайға қатысты ашық пікір білдіруі және Тоқаевтың оған сабырлы жауап қайтаруы – қақтығыстардың шешімі дипломатияда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кездесу нәтижесінде нақты құжаттарға қол қойылмаса да, саяси маңызы зор қадам жасалды. Бүгінгі таңда әлемдік аренада кез келген осындай әңгіме болашақтағы үлкен келісімдерге жол ашатыны сөзсіз. Қазақстанның бейбітшіл ұстанымы тек сөз жүзінде емес, нақты әрекет арқылы жүзеге асып келе жатқанын осы кездесуден көруге болады.