Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас достық, тату көршілік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Президенттер сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелерін талқылады, соның ішінде бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, биыл 30 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Кездесу барысында Тоқаев Путиннің Мәскеуге шақыруын қабыл алғаны белгілі болды.
«Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабыл алғанын айтты», — деп жазылған бұған дейінгі Ақорда хабарламасында.