Президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының орындалуын қорытындылады. Артынша алдағы бес жылға (2026–2030) арналған жаңа құжаттың негізгі бағыттарын айқындады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы геосаяси ахуалдың өзгеруін ескере отырып, ұлттық мүдделерді қорғау, елдің қорғаныс қабілетін нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған міндеттердің сапалы орындалуын талап етті.
«Қазіргі жағдайда біз қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін терең талдап, тиісті шараларды күшейтуіміз керек. Ақпараттық кеңістікті қорғау мен киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылуы тиіс», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа стратегия мемлекеттік жоспарлаудың маңызды бөлігі ретінде Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін қажет. Сондай-ақ ол Конституцияның жаңа редакциясы мемлекет дамуының жаңа кезеңін ашып отырғанын атап өтті.
Жұманғарин не дейді?
Отырыс барысында вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономикалық тәуекелдермен күрес, стратегиялық басымдықтар мен алдағы бес жылға арналған мақсатты индикаторлар туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, технология және білім беру салаларына қажетті жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту үшін қолайлы жағдай жасайтын арнайы бағдарламаны әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.
«Қауіпсіздік стратегиясы конституциялық қағидаларды қорғап, елдің тұрақты әрі сапалы дамуына жағдай жасауы тиіс. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің негізі», – деп түйіндеді Президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







