Бұдан былай электросамокатты жалға берушілер міндетті түрде сақтандыру рәсімдеп, әр құрылғыға тіркеу нөмірін алуы тиіс. Самокатты нөмірсіз әрі сақтандырусыз пайдалану заңсыз деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі электросамокатты қолдану ережелерін түбегейлі өзгертетін заңға қол қойды. Заң жол қозғалысы туралы қолданыстағы заңнамаға бірқатар маңызды түзетулер енгізді.
Жаңа талап ең алдымен электросамокатты жалға беретін компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты.
Бұдан былай не өзгереді?
Бұдан былай әр самокат үшін міндетті түрде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі рәсімделіп, арнайы нөмір беріледі. Сондай-ақ, прокат қызметі самокаттардың техникалық жағдайын тұрақты бақылап, ақауы бар құрылғыны дереу қолданыстан алуға міндетті.
Енді жалға алынған электросамокатқа жасы 18-ден асқан және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана отыра алады. Прокат қызметі клиенттің кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге тиіс.
Құжатсыз немесе жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың жол бойында самокат айдауына рұқсат жоқ.
Бұдан бөлек…
Компаниялар жалға алушыларды жол қозғалысын бұзған жағдайда қолданылатын айыппұлдар туралы алдын ала ескертуге міндетті. Сондай-ақ, цифрлық технология арқылы самокаттың жылдамдығы мен қозғалыс бағытын бақылауға алып, ерекше режим орнатылған аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуі қажет. Самокаттардың жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жерлерге тасталмауын қадағалап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында олардың орналасқан жері туралы деректерді құзырлы органдарға беріп отыруы шарт.
Билік жаңа талаптар қалалардағы электросамокат қозғалысын реттеп, жол апаттарын азайтуға сеп болады деп отыр.
Айта кетелік, бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың бір жылдағы жұмысын қорытындылаған болатын. Биыл Ақордаға 80 мыңнан аса хат жолданған екен.

