Берік Шолпанқұлов Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметінен босатылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Шолпанқұлов президент Тоқаев айтқан 7 триллион теңгенің көрші елден Қазақстан арқылы өзге елге аударылуы туралы мәлімдемесіне күмән келтіріп, ақпараттың дұрыс түсіндірілмегенін айтқан еді. Ол Ұлттық банктің жүргізген тексерісі нәтижесінде ешқандай заң бұзушылық анықталмағанын жеткізген.
Артынша Ақорда Президенттің 7 триллион теңге туралы мәлімдемесі расталған, сенімді деректерге негізделген ақпарат екенін хабарлады. Айбек Смадияров Мемлекет басшысының ешқашан расталмаған ақпаратты айтпайтынын алға тартып отыр.
«Егер Президент 7 триллион теңге туралы ақпаратты жария етсе, ол міндетті түрде тексерілген дерек. Мәселе бұл ақпарат көпшілікке емес, қызметтік пайдалану үшін Қаржы мониториң ғимаратында өткен жиналыста айтылған. Сол транзакцияны жасаған банк әңгіме кім туралы екенін жақсы біледі», – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

