Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес аясында ұйымдастырылған Digital Bridge 2025 көрмесін аралап, отандық компаниялардың инновациялық жобаларымен танысты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Көрмеде Eurasian Bank, Ustem Foundation, Freedom Bank, Yandex Qazaqstan, Kaspi, «Қазақтелеком», «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстан темір жолы» секілді ірі компаниялардың цифрлық шешімдері ұсынылды.
Eurasian Bank басқарма төрайымы Ләззат Сатиева мемлекет басшысына банк саласындағы жасанды интеллект технологиясының тиімді тұстарын таныстырды.
Оның айтуынша, банк соңғы екі жылда клиенттерді қорғау, қызметті оңтайландыру мен жекелендіру үшін инновациялық құралдарды қарқынды енгізуде. Мысалы, Ұлттық банкпен бірлесіп енгізілген антифрод-жүйе клиенттердің күмәнді транзакцияларын бірден анықтап, 307 млн теңгенің 2500-дей алаяқтық операциясын тоқтатқан.
Жасанды интеллект сонымен қатар клиенттердің қажеттіліктерін талдап, жеке ұсыныстар әзірлейді. Соның арқасында мобильді қосымшаны қолданушылардың қызмет сапасына қанағаттану көрсеткіші (NPS) биылдың өзінде 42%-дан 52%-ға өскен. Сонымен бірге, банктің ИИ-жүйесі кепілдік мүлікті 94%-дық дәлдікпен қашықтан бағалап, алдағы уақытта клиент құжаттарын өңдеу дәлдігін 95%-ға жеткізуді көздеп отыр.

Ләззат Сатиева Eurasian Bank-тің Ішкі істер министрлігі және Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп іске асырған жаңа жобасын да ерекше атап өтті. Eurasian Drive атты сервис арқылы автосалонда тұрып-ақ несие рәсімдеп, көлікті онлайн тіркеуге болады.
Бұрын үш күн уақыт алатын процесс қазір 2-3 сағатқа дейін қысқарған, ал көлікті тіркеу 30 минутқа дейін жеделдеген. Қыркүйекте іске қосылған сервиске бүгінде ел аумағында 60-тан астам автосалон қосылып, жүзден аса тұтынушы жаңа қызметтің игілігін көрген.
«Шынайы цифрлық даму адамдардың өмірін жеңілдетіп, уақытын үнемдеу арқылы көрінеді. Мемлекеттік цифрландыру саясатының арқасында қазақстандық компаниялар әлемдік деңгейдегі қызметтерді ұсынуға қол жеткізді», – деді Ләззат Сатиева.
Ақорда сайтының хабарлауынша, бұл шара елдегі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуын және отандық компаниялардың жасанды интеллект саласындағы ұлттық экожүйені нығайтуға қосып жатқан елеулі үлесін көрсеткен.