Президент Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.
Бір қызығы, кездесуден кейін көп ұзамай ҰҚК басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Орнынан кеткен Қанат Далматовтың орнына генерал-майор Марат Ирменов тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қанат Далматов бұл қызметті 2024 жылдың қазанынан бері атқарып келген еді.
Оның орнын басқан Марат Ирменов бұған дейін ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментін басқарған. Ол осы орынға 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған еді.
Оған дейін, яғни 2020 жылдың ақпанынан бастап, Жамбыл облысы бойынша департаментті басқарған Ирменов Қордай оқиғасынан кейін осы өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқан болатын.
2016-2020 жылдар аралығында Ирменов ҰҚК-нің Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы қызметінде болды. Ал одан бұрын Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары болған.
Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалған Ирменов Қаңтар кезінде атышулы Кәрім Мәсімов пен оның жақтастарының бұйрығын орындамаған жалғыз аймақтық басшы.
Ол Жамбыл облысында департамент ғимаратын басып алмақ болғандарға қарсы тұрып, өз қарамағындағы күштерді тиімді ұйымдастырған.
Президентпен кездесуде Ермек Сағымбаев жыл басынан бергі 9 айдағы жұмыстың қорытындысын баяндады. Оның мәліметінше, биыл экстремизм және терроризм бойынша 67 адам ұсталған. Бұдан бөлек, радикалды идеологияны ұстанған 83 адам сотталған.
«ҰҚК мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, 17 қылмыстық топтың жолын кесті. 244 адам ұсталып, оның 96-сы қамауға алынды. 453 қару-жарақ, 64 граната және шамамен 6 мың оқ-дәрі тәркіленді», – деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ, ҰҚК басшысы есірткі бизнесіне қатысты да бірқатар деректі жариялады. Биыл 16 есірткі зертханасы жойылған. Халықаралық және аймақтық деңгейдегі 44 есірткі тасымалдау арнасының жұмысы тоқтатылды. Операция барысында 20 тонна есірткі, оның ішінде 13 тонна колумбиялық кокаин мен 10 тонна прекурсор тәркіленген.
Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке 3,8 трлн теңге шығынның алдын алып, бюджетке 255 млрд теңге қайтарған. Жемқорлық фактілері бойынша 90-нан астам қылмыстық іс қозғалған.
Кездесу соңында президент Тоқаев Ермек Сағымбаевқа ҰҚК жұмысына қатысты нақты тапсырма берді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қаламқас құпиясы: «ҚазМұнайГаздың» тендерсіз таңдаған инвесторы кім

