Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдің батыс аймақтарына тартылатын ірі автожол құрылысын жылдамдатуды міндеттеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
«Президент Тоқаев Үкіметке «Торғай – Ырғыз» бағытындағы және батыс өңірге апаратын өзге де автожолдардың құрылысын жылдам аяқтауды тапсырды», – деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы жаңа күре жолдың ел экономикасы мен өңірдің дамуына ерекше серпін беретінін айтып, орталық пен батыс өңірлер арасындағы қатынас жолын 560 шақырымға қысқартуға мүмкіндік жасайтынын атап өткен еді.
Жаңа автожол Торғай өңірінің дамуына айтарлықтай дем беретін ауқымды жоба болмақ.
Айта кетейік, осыған дейін сенатор Нұржан Байқадамов Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа автожол салу туралы ұсыныс айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл жоба ауыл-аймақ арасындағы қатынасты жақсартып, экономикалық әріптестікке тың серпін береді. Сенатор жобаға 125,3 млрд теңге қаржы қажет екенін айтқан еді.