Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай 2025 жылды қорытындылап, биылғы басты оқиғалар мен жетістіктерді жария етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өткен жыл елдің даму қарқыны мен ауқымды реформаларымен ерекшеленді. Экономика өсімі соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 6 пайыздан асты. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 15 мың долларды құрады.
Өндіріс және инфрақұрылым: ауқымды жобалар
Жалпы сомасы 1,47 триллион теңге болатын 185 жаңа жоба іске қосылып, 22,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Толық қуатына көшкен кезде бұл кәсіпорындардан 2,3 триллион теңгенің өнімі күтіліп отыр. Атап айтқанда, Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі мен Қостанайдағы KIA Qazaqstan автозаводы биылғы басты жобалардың қатарында. Бұдан бөлек металлургия, химия, тамақ өндірісі мен құрылыс материалдарын шығаратын ірі өндіріс ошақтары іске қосылды.
Жолдар мен әуе қатынасының жаңа белестері
Жол жөндеу мен құрылысқа ерекше назар аударылды. Биыл 13 мың шақырымға жуық жол жөнделіп, жаңадан салынуда. Соның ішінде Орталық – Батыс, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор бағыттары маңызды орынға ие. Сонымен қатар, Зайсан, Катонқарағай және Кендерліде жаңа әуежайлар салынуда, Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Халықаралық әуе қатынасында да серпін байқалды: елден Шанхай, Гуанчжоу және Мюнхенге жаңа рейстер ашылды.
Логистика және теміржол саласындағы серпіліс
Теміржол инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады. Алматыны айналатын теміржол желісі құрылысы жүріп жатыр, республика бойынша 124 вокзал жөндеуден өтуде. Қазақстан ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құрып, әлемдік логистикалық нарыққа шығуды жоспарлап отыр.
Аграрлық саладағы айқын нәтиже
Аграрлық сала биыл ерекше серпін көрсетті. Ел диқандары 27 миллион тоннадан астам астық жинап, рекорд жаңартты.
Қазақстандық комбайндар ішкі нарықтың 90 пайызын қамтып отыр. Үш жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артты, аграрлық сектордағы жеңілдетілген несие көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 790 миллиард теңгеге жетті.
Қазақстандық өнім әлемнің 70 мемлекетіне экспортталып, жалпы көлемі 5 миллиард долларды құрады.
Цифрлық даму және жасанды интеллект
Цифрлық даму саласында Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқы болып жасанды интеллект туралы заң қабылдады және арнайы министрлік құрды. Астанада Alemcloud суперкомпьютері іске қосылып, әлемнің ең қуатты ТОП-500 компьютер тізіміне енді. Алматыда іске қосылған Al Farabium суперкомпьютері де әлемдік рейтингте жоғары орында тұр. Жасанды интеллект бойынша Alemai халықаралық орталығы ашылып, AI-Sana білім беру жобасында 440 мың студент оқытылды. Биыл Қазақстанның алғашқы AI-стартапы Higgsfield AI «единорог» атанды.
Жұмысшы мамандықтарына құрмет
2025 жыл жұмысшы мамандықтарды дәріптеумен есте қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына үлес қосқан 500-ге жуық еңбек адамына құрмет көрсетті, оның ішінде еңбек династияларынан шыққан азаматтар да бар. Сонымен қатар, педагогтар, дәрігерлер, энергетика мамандары, көлік саласының қызметкерлері, ғалымдар мен журналистер марапатталды.
Заңнамадағы маңызды өзгерістер
Саяси-құқықтық салада Президент 95 заңға қол қойды. Оның ішінде Бюджет, Салық және Су кодекстерінің жаңа нұсқасы, Түркістанның мәртебесі туралы заң және Алатау қаласын дамыту жөніндегі жарлық ерекше атап өтілді. Алдағы уақытта Түркістан – туристік, Алатау индустриялық орталық ретінде дамымақ.
Халықаралық аренадағы белсенділік
Сыртқы саясатта Қазақстанның белсенділігі айқын сезілді.
Президент 23 шетелдік сапарында 70 миллиард доллардың келісіміне қол жеткізіп, әлемдік лидерлермен 186 кездесу өткізді. Қазақстанға Қытай, Италия, Түркия және Жапония секілді 30 елдің ресми өкілдері келді.
Жыл бойына Президент 168 960 шақырым жол жүріп, 252 сағатын әуеде өткізген.
Халық үніне құлақ асатын мемлекет
Руслан Желдібайдың айтуынша, елдегі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына айрықша көңіл бөлінді. Президент Әкімшілігіне 82,5 мың азаматтан өтініш түскен, ал eOtinish жүйесіне 50 мың ұйым тіркелді. Ел аумағында 150-ден астам қабылдау орталығы жұмыс істеп, 360 мыңнан астам адамға көмек көрсетті.
Бұған дейін Тоқаев үкімет басшысын қабылдап қазақтардың әл-ауқатын көтеруді бұйырған болатын.

