Президент Тоқаев 20 қаңтарда Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысына қатысып, ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды үндеу жасамақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның алдағы даму басымдықтарын белгілеп, қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелерге ерекше тоқталады.
Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Ол қоғам өмірінің маңызды мәселелерін талқылау үшін 2022 жылдың маусым айында құрылған болатын.
Бұған дейінгі төрт құрылтай жиыны Ұлытау, Түркістан, Атырау және Бурабайда өтті. Әр жиынның негізгі ерекшелігі Президенттің жан-жақты әрі ауқымды баяндамасы.
Жиын барысында азаматтық қоғамды дамыту, руханият пен мәдениет, білім-ғылым және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы маңызды тақырыптар терең талқыланады.
Бұл жолғы жиынның ерекшелігі неде?
Белгілі журналист Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша Қызылордадағы жиынның асығыс әрі тосыннан шақырылуы елде шешімін таппай тұрған үлкен мәселелердің бар екенін аңғартады.
Бұл қоғамдағы әлеуметтік наразылықтың күшеюімен де, Ирандағы соңғы оқиғалар сияқты сыртқы қауіп-қатерлермен де байланысты болуы мүмкін.
«Құрылтайда жарияланатын басты мәселе саяси реформа. Әрине, Конституцияның негізгі нормалары өзгеріссіз қалады, бірақ биліктің ішкі құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Президенттік мерзім тағы да қайта қаралуы ықтимал. Парламенттің құрамы көбейгенімен, оған кіретін партияларға талап күшейеді. Партиялық тізімдер Президент Әкімшілігінің сүзгісінен өтеді. Үкімет тек парламенттік партиялар өкілдерінен жасақталады. Ал еркін кандидаттарға есік жабық болады», – дейді журналист.
Айта кетелік…
Президент тапсырмасы бойынша мемхатшы Ерлан Қарин бастаған жұмыс тобы сенатсыз Қазақстанның сұлбасын сызып жатыр. Соңғы рет Тоқаевтың қабылдауында болған Қарин осы бағыттағы жұмыстың қызу жүріп жатқанын жеткізген. Десе де, бұл Қазақстанның парламенттік басқару жүйесіне өтетінін білдірмейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

