Тоқаев Өзбекстан Сенатының төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тараптар кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды, сондай-ақ парламентаралық байланысты нығайтудың маңызды тұстарын талқылады.
Президенттің айтуынша, Нарбаеваның Астанаға келуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ерекше байланыстың айқын көрінісі. Тоқаев екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастың Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Сіздің сапарыңыз біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдету тұрғысынан өте маңызды. Біз бауырлас Өзбекстанмен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Біздің өзара байланысымыз қаншалықты тығыз әрі нәтижелі болса, өңірдегі ахуал соншалықты тұрақты әрі тыныш болады. Бұл сапардың парламентаралық қарым-қатынасты нығайтуда маңызы зор», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Танзила Нарбаева жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің ыстық ықыласын жеткізді.
«Президентіміз Сізге сәлем жолдап, алға қойған мақсаттарыңызды табысты орындауды тілеп отыр. Бұрынғы келісімдердің барлығы оның жеке бақылауында. Президентіміздің бүкіл командасы, соның ішінде Парламент те, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін салады. Сіз айтқандай, Қазақстан Өзбекстан үшін де, Өзбекстан Қазақстан үшін де ең жақын, сенімді әріптес», – деді Нарбаева.
Кездесуде парламентаралық дипломатияны әрі қарай тереңдету, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыру, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де сөз болды.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасына қол қойған болатын.