Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазыбек Аққайыр әйел адамды тепкіге жыққаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Сот шенеунікке 314 560 теңге айыппұл салды.
Orda-ның мәліметінше сот процесі кезінде үйлі-баранды, ақарлы-шақарлы әкім жұмыс орнындағы әріптесімен әмпей-жәмпей болғанын жоққа шығармапты. Алайда көңілдесіне қол көтергенін мойындамаған. «Отбасымның алдында-ақ жазамды тартып отырмын» деген уәж айтқан екен.
Оқиға Жаңа жыл қарсаңында шенеуніктің кабинетінде болған. Әкім мен оның көңілдесінің арасында жанжал шығып, Аққайыр әйелдің алқымынан алып, бірнеше рет төмпештеп жіберген.
Соттағы соңғы сөзінде әкім болған іске өкініш білдіріп, тіпті президент Тоқаевтың сөзін мысалға келтірді:
«Президент кей әйелдердің айқай шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзатынын айтқан еді. Қандыағашта да сондай әйелдер бар», – деген Аққайыр осылайша өз әрекетін ақтауға тырысты.
Судья оның уәжіне иланған жоқ. Аққайырдың кінәсі дәлелденіп, 314 560 теңге айыппұл салынды. Бұған қоса ол жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық төлем және сонша көлемде адвокат шығынын өтеуге міндеттелді.