Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар енді ауыр жаза арқалайды. Жақын арада бұл қылмысқа арнайы жаза түрі енгізіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер Қылмыстық кодекстің жаңа бабымен жазаланады.
Мәселен, дәрігерлерге күш қолданамын деп қорқытып, доқ көрсеткендер екі жылға дейін бас бостандығынан шектеледі. Ал медицина қызметкеріне қол жұмсағандар 2 жылдан 7 жылға дейін түрмеге қамалады.
Егер бұл қылмыс төтенше жағдай кезінде орын алса, жаза мерзімі 10 жылға дейін ұзармақ. Ал шабуыл медицина қызметкерлерінің тобына жасалса, қылмыскерлер 15 жылға дейін темір торға тоғытылады.
Министр мұндай шара дәрігерлердің өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Қыркүйекте заңға енгізілетін өзгерістер Парламентке ұсынылмақ.
Қазақстанда медицина мамандарына күш көрсету жағдайы жиілеп тұр.
Тек соңғы айдың өзінде Қостанайда науқас хирург дәрігерді соққыға жығып, дәрігер бірнеше күн ес-түссіз жатқан еді. Сондай-ақ, Қарағандыда маммологиялық орталықтың медбикесін пациент аяусыз соққыға жыққан болатын.
Осы жағдайлардан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді қолдаған еді.
Бұдан бөлек танымал «Әшкере» телеграм-арнасы дәрігерге оқ атқан Жамбыл облысындағы оқыс оқиға оқырманға жеткізген болатын.
«Тараздың іргесіндегі Байзақ ауданы бандитизмнің ошағына айналып кеткендей. Бүй деуіміздің өзіндік себебі бар.
Ауданға қарасты Сарыкемер ауылындағы бәлністің ішінде (!) жедел жәрдем дәрігері Руслан Бостановқа тапаншадан оқ атылғаны осының айғағы.
«Жамбыл облысында Тоқаевтың аузынан түспейтін «заң мен тәртіптің» сақтала бермейтінін аңғаруға болады», — деп жазған еді Әшкере.