БҚО әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытай сапары барысында Цзянсу провинциясының басшысы Сюй Куньлиньмен кездесті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нариман Төреғалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің биыл маусымда өткен «Қытай – Орталық Азия» саммитіндегі келіссөздерін тілге тиек етті. Сол жиында Бейжің басшысы Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктес ретінде көретінін атап өткен.
«Бізді ғасырлардан жеткен тарихи байланыс, тату көршілік пен өзара құрмет біріктіреді. Батыс Қазақстан – еліміздің Батысқа бағытталған негізгі қақпасы. Қытаймен арадағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы біздің өңір үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан өзара тиімді жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделіміз», – деді облыс әкімі.
Цзянсу провинциясының басшысы Сюй Куньлинь екі жақты байланысты дамытуға зор қызығушылық танытып, бұған дейінгі бірлескен бастамалардың жемісті болғанын айтты.
Тараптар әсіресе индустриалды-логистикалық орталықтармен тікелей байланыс орнату мүмкіндіктерін сөз етті. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысы мен Қытай арасындағы сауда айналымы 25 пайызға өсіп, 88,4 млн доллардан асқан.
Кездесуде ауылшаруашылық және көлік техникасын шығару, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, тазарту құрылыстарын жаңарту, сондай-ақ Қытай – Орталық Азия – Еуропа бағытындағы логистикалық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Тараптар алдағы уақытта Батыс Қазақстан өңіріне қытайлық инвестиция тартуды арттыру туралы келісімге келді. Жиын соңында Нариман Төреғалиев қытайлық әріптестеріне жылы қабылдауы үшін алғысын айтып, кездесу қорытындысында жасалған келісімдер ынтымақтастықты одан әрі нығайтатынына сенім білдірді.
Кездесу Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Бұған дейін аймақ басшысы Батыс Қазақстан экономикасына 567 млрд теңге инвестиция тартылғанын мәлімдеген болатын.

