Доналд Трамп Ақ үйдің сыртқы саясаттағы ұмытыла бастаған ескі жоспарын қайта жаңғыртыпты. Байденнің тұсында аса қажеті болмай, шаң басып жатқан құжат қайтадан кәдеге асуы мүмкін.
Әмірика Қазақстан бастаған Орта Азия елдерін Израильмен жақындастыратын әйгілі «Авраам келісімдеріне» қоспақшы деп хабарлайды Ertenmedia.
Reuters агенттігіне сенсек, Трамп әкімшілігі келісімді кеңейтуге өте-мөте мүдделі. Мәміленің басты мәні мұсылман елдерін Тель-Әвивпен белсенді дипломатиялық қатынас орнатуға көндіру.
Келісім алғаш рет (тағы да сол Трамптың тұсында) 2020–2021 жылдары жүзеге асып, төрт бірдей ислам мемлекеті Израильмен ресми түрде татуласқан болатын.
Трамптың екінші мерзімінде мәміленің аясы кеңейіп, оған Орта Азия мен Қапқаз елдері қосылуы мүмкін. Уашингтонның тізіміндегі алғашқы кандидат Әзербайжан.
Әмірикалық шенеуніктер Әзербайжан арқылы Қазақстанның да тамырын басып көргенге ұқсайды.
Reuters дереккөздері аймақтағы тағы қай елдердің келіссөзге шақырылғанын ашып айтпағанмен, Ақорданың аты нақты аталған.
Қазақстан мен Израильдің сауда-экономикалық байланысы онсыз да жақсы дамыған.
«Авраам келісіміне» қосылу формалды қадам болып көрінгенімен, саяси астары ауырлау. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азияны осы келісімге тарту арқылы Ақ үй Сауд Арабиясына саяси қысым жасамақшы.
МемДептегі шенділер әлгі келісімді кеңейту Трамптың негізгі мақсатының бірі екенін айтуда. Әзірге Тоқаев билігі Трамптың ұсынысына қалай жауап қатары белгісіз.
Ertenmedia анықтамасы
«Авраам келісімі» Израиль мен ислам елдерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты реттеп, бір-бірімен бейбіт байланыс орнатуға бағытталған құжаттар сериясы. АҚШ президент Дональд Трамптың бастамасымен 2020 жылдың тамыз айында қолға алынған.
Аталмыш келісім алғаш рет Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жасалды. Артынша Бәхрейн, Марокко және Судан мемлекеттері де қосылды.
Келісімнің негізгі мәні Израильді мойындамай келген араб-ислам елдері Тель-Авивпен ресми дипломатиялық байланыс орнатып, экономикалық-сауда қатынастарын жандандыруға келіседі.
Келісімнің «Авраам» атану себебі Ибраһим пайғамбардың (Авраамның) үш монотеистік дінге (ислам, христиан, иудаизм) ортақ тұлға болғандығында. Атау келісімге қатысушы елдер арасындағы дінаралық татулықты меңзейді.