Президент Тоқаев Дональд Трамптың арнайы шақыруымен 22 қаңтарда Давоста өтетін Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне қатысады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұны Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай растады. Айтуынша, Тоқаев Трамптың ұсынысын қабылдап, Ғаза секторындағы ахуалды реттеуге арналған Бейбітшілік кеңесінің қатарында болуға келісімін берген.
«Президент ұсынысты үлкен құрметпен қабылдап, Трампқа арнайы алғыс хатын жолдады. Ол Қазақстанның Таяу Шығыстағы тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге және жаһандық тұрақтылыққа барынша үлес қосуға дайын екенін жеткізді», – деді Желдібай.
АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесі былтыр қазан айынан бастап іске асқан Уашиңтонның жаңа жоспары негізінде жұмыс істейді.
Оның бірінші кезеңінде ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату, тұтқын алмасу және гуманитарлық көмекті кеңейту жөнінде келісім жасалған. 14 қаңтарда Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф екінші кезеңнің басталғанын хабарлаған. Осы сатыда ХАМАС қозғалысын толық қарусыздандыру процесі басталады.
Бейбітшілік кеңесінің құрамына АҚШ-тың белгілі саяси қайраткерлері кірген.
Олардың қатарында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, атышулы Тони Блэр, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер, миллиардер Марк Роуэн, Дүниежүзілік банктің басшысы Аджай Банга және АҚШ президенті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары Роберт Габриэль бар.
«Қазақстан әлемдік деңгейдегі күрделі әрі жауапты миссияға қатысып, ғаламдық қауіпсіздік пен татулықты нығайту ісіне тағы бір елеулі қадам жасамақ», — дейді осы орайда сарапшы Айбар Олжайұлы.
Айта кетелік, Трамп бұған дейін Тоқаевты Майамиде өтетін G20 саммитіне арнайы қонақ ретінде шақырған болатын. Соның алдында Уашиңтонға сапарлаған Тоқаев саммиттің вайбын жоғары бағалап, Ақ үйдегі кездесудің былтыр Байден өткізген жиыннан бөлек болғанын атап өткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

