Иранда экономикалық дағдарысқа байланысты басталған жаппай наразылық бесінші күн қатарынан басылар емес деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Наразылық акциясының соңы күштік құрылымдармен қақтығысқа ұласып, жеті адам көз жұмды.
Hengaw құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 1 қаңтар күні Азна қаласында қауіпсіздік күштері шерушілерге оқ атып, үш адам қаза тапқан. Олардың арасында 15 жастағы жасөспірім де бар. Тағы 17 адам түрлі жарақат алған. Бұдан бөлек, Лордеган қаласындағы қақтығыста екі адам, ал Кухдашт және Фуладшахр қалаларында бір-бір адамнан мерт болған.
Ирандағы жағдайдың ушығуына АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады. Ол Truth Social әлемжелісінде Иран билігі бейбіт шеруге шыққан халыққа оқ атуды тоқтатпаса, Уашиңтонның жағдайға араласуға дайын екенін айтты.
Дөкең АҚШ қарулы күштері қазірдің өзінде толық жауынгерлік әзірлікте тұрғанын жеткізген.
Айта кетейік, наразылық шерулері 28 желтоқсанда басталған болатын. Тегеран, Исфахан, Шираз және Мешхед секілді ірі қалалардағы дүкен иелері ұлттық валютаның құнсыздануына қарсы наразылыққа шықты. Бүгінде Иран риалының долларға шаққандағы бағамы 1,4 миллионға жеткен. Бұл өз кезегінде азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының күрт қымбаттауына әкелді. Елдегі экономикалық жағдайдың шиеленісуіне Израильмен арадағы әскери қақтығыс пен Иранға салынған халықаралық санкциялардың қысымы да ықпал етіп отыр.
Парсы жерінде қазір «шал, кет» деген ұран жиі естіліп жатыр. Ел астанасы Тегеран мен тағы 36 қалада наразылық акциялары кемеліне келіп, арнасынан асып тұр.
Айта кетейік, Иран басшысы Масұд Пезешкиан желтоқсанның басында Астанаға ресми сапармен келген болатын. Ertenmedia осы сапардың егжей-тегжейіне үңілген еді. Парсылар біздегі бірнеше жобаға ақша құймақшы. Қазірдің өзінде Алматы облысында ірімшік өндіретін зауыт, ал Батыс Қазақстан облысында тері өңдейтін ірі кәсіпорын салынып жатыр.

