Әлемнің ең ауқатты адамдары бір күнде миллиардтарын жоғалтты. Бұл оқиға жай ғана сандар ойыны емес, қаржы нарығының бұлқынысы, саяси сахнадағы ойындардың әсері екені анық. Bloomberg деректеріне назар аударсақ, Илон Маск 148 миллиард, Джефф Безос 29 миллиард, Сергей Брин 22 миллиард, Марк Цукерберг пен Бернар Арно 5 миллиард долларынан айырылған. Бұл нарықтағы тұрақсыздық пен саяси белгісіздік себеп болған.
Трамптың АҚШ экономикасына енгізіп жатқан өзгерістері инвесторларды әбігерге салуда. Әсіресе, оның Украинаға көмек беру мәселесін қайта қарауы, экономикалық стратегиясында күтпеген қадамдарға баруы нарықтың жүйкесіне тиіп, акциялардың құнын төмендетті.
Осылайша Америка нарығы Украинаға берген көмегінен он есе көп қаржыны жоғалтты. Бұл – саясат пен экономиканың қарама-қайшы әсерлерінің анық көрінісі. Бүгінде заманда бақуатты адамдар үшін ақшаның өзі ғана емес, оның сенімділігі маңызды. Егер нарықтағы белгісіздік өссе, инвесторлар тәуекелден қашады, ал тәуекелден қашқан ортада капиталдың құны күрт төмендейтіні белігі.
Қазіргі заманда технологиялық сектор нарықтың басты қозғалтқышына айналғаны белгілі. Маск, Безос, Брин, Цукерберг сынды миллиардерлердің байлығы тікелей осы секторға байланысты. Бірақ соңғы айларда дәл осы индустрияда айтарлықтай құлдырауды бастан өткерді.
Tesla акциялары 45%-ға төмендеді, ал Amazon, Oracle шамамен 11%-ға, Dell мен Nvidia 20%-дан астамға құлдыраған. Бұрын сенімді болып көрінген технологиялық алпауыттар қазір нарықтағы тұрақсыздықтың эпицентріне айналып отыр. Инвесторлар жоғары бағаланған технологиялық компаниялардың акцияларын жаппай сата бастаған. Бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы уақытта технологиялық салада үлкен өзгерістер болуы мүмкін.
Қаржы нарығы әрдайым өзіне тән динамикамен дамиды. Ұзақ уақыт бойы өсімде болған активтер белгілі бір кезеңде құлдырауға ұшырайды. Бұл заңды құбылыс. Бірақ осы жолғы құлдырау ерекше ауқымды болды. Оған басты себеп – инфляцияның қайта күшею қаупі мен АҚШ экономикасының тұрақсыздығы.
Трамптың саяси ұстанымы бизнес қауымдастығы үшін тым болжап болмайтын сипатқа ие. Оның мәлімдемелері мен қадамдары нарықтың сенімін шайқалтып, миллиардерлердің байлығының құнын төмендетіп жатыр. Егер саяси тұрақсыздық пен экономикалық белгісіздік жалғаса берсе, мұндай шығындар тек технологиялық секторға ғана емес, бүкіл жаһандық қаржы жүйесіне әсер етуі мүмкін.
Ақша тек сандар ғана емес, ол – билік, ол – ықпал. Миллиардерлердің байлығы азайған сайын, олардың нарықтағы орны да өзгереді. Бұл жағдай нарықтық ойыншылар үшін үлкен сабақ болуы мүмкін. Кезінде өзгермейтіндей көрінген қаржылық алыптар енді өздерінің позициясын қайта бағалауға мәжбүр. Бұл тек басы ғана болуы мүмкін.